Ғани Бейсембаев: Біздің ұстанымымыз – шекара маңындағы ауыл мектептерін жаппау

 АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің шекара маңындағы ауыл мектептері жабылмайды. Бұл Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

мектеп
Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

- Ауыл мектептерінің саны 5 мыңнан асады. Шағын жинақты мектептер саны - 2700. Оның ішінде кіріктірілген сыныптармен, яғни, 10-20-30 бала оқитын мектептердің саны мыңға жуықтайды. Шағын жинақты мектептердің көпшілігі шалғай ауылдарда орналасқан. Шекара маңындағы мектептердің де есебін жүргізіп отырмыз. Біздің ұстанымыз - шекара маңында орналасқан мектептерді қандай жағдайда да сақтап қалу. Яғни, оларды жаппау тұрғысында әкімдіктерге өз ұстанымызды айтып отырмыз, - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол бұған дейін ауыл тұрғындарының көшіп кетуіне байланысты мектепте оқитын бала болмағандықтан олардың жабылу деректері болғанын айтты. Бірақ, нақты санын атай алмады.

- Қазір мұндай деректер қолымда жоқ. Жалпы, жыл сайын есеп жүргізіліп отырады, - деді Ғани Бейсембаев.

Бұған дейін министр ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығы азайып келе жатқанын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар