Ғани Бейсембаев жаңа мектептердің 1 қыркүйекте пайдалануға берілетініне күмән келтірді

«Жаңа оқу жылында 132 мың орындық 154 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 52 жаңа мектеп 1 қыркүйекте ашылуы тиіс. Ол дегеніміз – 65 мың оқушы орны. Соның нәтижесінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің проблемасы шешіледі деп жоспарланған. Мектеп құрылысына республикадан тиісті қаржы бөлінді, одан бөлек инфрақұрылымдар қорынан да қаражат берілді. Дегенмен бізге Астана қаласы, Қостанай және Түркістан облыстарындағы жаңа мектептердің құрылысы уақытында бітпейді деген ақпарат келді», - деді Ғани Бейсембаев аталған ведомствоның аппарат отырысында.
Одан кейін министр аталған өңірлердің білім басқармасы басшыларының есебін тыңдады.
Сондай-ақ аталған шаруаны жеделдету керектігін және бұған басқарма басшылары тікелей жауапты екенін ескертті.
Айта кетейік, аталған ведомствоның мәліметінше, биыл 7,7 мың білім беру орнында 3 млн 900 мың оқушы бар. Жаңа оқу жылында 364 мың бала мектеп табалдырығын аттамақ. Бүгінде ел бойынша 260 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оның ішінде 194 мектептің құрылысы 1 қыркүйекке дейін бітуі тиіс.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Ғ.Бейсембаев оқу жылына дайын емес өңір басшыларына ескерту жасады.