Гарвард мамандары Қазақстанның сирек қолжазбаларын цифрландырады
АСТАНА. KAZINFORM – Гарвард кітапханасы мен архиві қазақ ғалымдарына қолжетімді болды. Бұл жұмыстар Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Гарвард университетінің Дэвис атындағы еуразиялық зерттеулер орталығы арасындағы меморандум аясында жүргізілмек.

− Өткен жылы америкалық ғалымдар Алматыдағы «Ғылым ордасына» қарасты Орталық ғылыми кітапханаға келген еді. Ғасырлық тарихы бар кітапханада 6 миллион кітап қоры, 150 мың сирек қолжазбалар бар. Атап айтқанда, Шығыстың көне тілдеріндегі, Еуропа тілдеріндегі көптеген зерттелмеген-зерттелмеген дүние жатыр. Кітапхананың ғасырға жуық тарихы бар, кезінде Қаныш Сәтпаевтың тұсында құрылған кітапханада қазір түрлі ғылыми журналдар, ғылыми кітаптар жинақталған, − деді «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана директоры Ұлар Мұқажанов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Келісім аясында Гарвард мамандары Қазақстанның сирек кітаптары мен қолжазбаларын цифрландыруға, реставрациялау мен сақтауға көмектесетін болды. Осылайша халқымыздың ең көне қолжазбаларды халықаралық ғылыми айналымға шығады.
Одан бөлек, тараптар академиялық тәжірибе алмасуға, Қазақстан мамандарына стипендиялар мен ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыруға уағдаласты.
− Біздің жас ғалымдарымыздың, кітапханашы, архив қызметкерлерінің ол жақта тағылымдамадан өтуі үшін Гарвардтың арнайы талаптары бар. Тіл білген, талапқа сай өтіп тұрған мамандар ғана тағылымдаман өтуге бара алады. Әрине, бұл біздің жас ғалымдарымыз үшін көптеген жолды ашады деп ойлаймын. Біз де Гарвард университетінің талаптарына сай келетін мамандарды қазірден дайындап жатырмыз. Ғылым ордасында тіл курстарын аштық. Өйткені бізге осы мүмкіндікті пайдаланып, өзіміздің мамандарды даярлап алу мақсаты тұр. Мұндағы маңызды нәрсе – өз мамандарымыздың кәсіби біліктілігін арттыру, ғалымдарымызды дайындау, − дейді кітапхана басшысы.
Сонымен бірге, Гарвардтың беделді ғалымдары да Қазақстанға келіп, оқу-әдістемелік құралдарын үйретеді. Қазақстанның бай мәдени және тарихи мұрасы туралы көрмелер өтіп, жаһан назарын аудару да көзделіп отыр. Және ең бастысы – осы келісім шеңберінде Алматыда Қолжазбатану ғылыми-зерттеу орталығы ашылады.
Бұған дейін Италия мен Қазақстан ғалымдары мен жоғары оқу орындары қай салаларда ортақ жоба жасайтыны хабарланған еді.
Сондай-ақ, Грузия қазақстандықтарға 5 білім грантын бөлді.