Газ тапшылығы: Қызылордадағы ахуал қандай

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қазақстанның бірқатар өңірінде тамыз басталысымен газ бағасы өсті. Осыған орай Қызылорда облысының әкімдігі аймақтағы ахуал туралы ресми мәлімдеме жасады.

Ардақ Зебешов
Фото: Қызылорда өңірлік коммуникация қызметі

Әкімдік шілде айында операторлармен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде шілде айынан қалған газ ескі бағамен, яғни 85-90 теңгеден сатылды. Бүгінгі күні ескі бағамен алынған газ құю бекеттерінде 586 тонна газ қоры бар. Одан басқа Атырау зауытынан 648 тонна жолда келе жатыр. 

- Аймағымызда 2022 жылы сұйытылған мұнай газын тұтынатын 7 290 көлік тіркелсе, биыл 35 690-ға жетті. Бұл 3 жыл бұрынғыдан 5 есе көп. Одан бөлек, сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны — тоннасына 70-80 мың теңге. Ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 59 722 теңге деңгейінде белгіленген. Қызылорда облысы басқа өңірлермен салыстырғанда сұйытылған мұнай газының ең төменгі бағасы бойынша бірінші бестікте. Еліміздің 12 облысында газ бағасы 117 теңге дейін көтерілген, - деді облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов. 

Облыста операторлар газды шекті бағадан 5 теңгеге арзанға, яғни облыс орталығында литрін 97 теңгеден (бекітілген — 102 теңге), ал аудандарда 102 теңгеден (бекітілгені — 102 теңге) сатуға ұсыныс білдірді. Жалпы, тамыз айына министрлік 7562 тоннаға жуық газ бөліп отыр.

- Газ тапшылығының алдын алу мақсатында іс-шаралар атқарылып жатыр. Мемлекеттік мекемелерде газбен жүретін көліктерге бензин пайдалануды ұсындық. Операторлар газ құю бекеттерінде ауыр жүк көліктеріне 3 мың теңгеге дейін сатуға шектеу қоюды дұрыс көріп отыр. Алдағы уақытта қалалық, аудандық коммуналдық және жеке мекемелердің техникалары метан газына ауыстырылады. Қазіргі таңда аймақ сұйытылған мұнай газымен толық қамтылған, - деді Ардақ Зебешов. 

Еске салсақ, 2023 жылдың қарашасынан бастап сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс жерлерге автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге тыйым салынды. Экспортқа тыйым салу туралы бұйрықтың мерзімі 2025 жылдың 14 мамырында аяқталады.

Соңғы жаңалықтар