Газ тарату стансасындағы ақау: Дәнекерленген қақпақ ұшып, 12 мың текше метр газ ауаға тарады

Ақтөбеде газ тарату стансасында болған ақау кезінде ауаға 12 мың текше метр газ тарады. Қазіргі кезде салынғанына 2 жыл болған стансаның құбыр қақпағы неге ұшып кеткені тексеріліп жатыр. Мамандар маңындағы бұлақ пен күні бұрын жауған жаңбыр өрттің шықпауына септігін тигізді деп болжап отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Газ
Фото: Алтынай Сағындықова/ҚазАқпарат

Ақтөбе қаласы Береке тұрғын үй алабы мен Батыс-2 маңындағы газ тарату стансасы 2021 жылы салынып, Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне берілген. Мұнда бүгін Шығыс 1, 2, Баянауыл 1, 2 тұрғын алаптарына газ тарату үшін қосу жұмысы жүргізілуі тиіс еді. Алайда түнде шыққан ақау жоспарды өзгертті.

"Қала тұрғындарын газбен қамту үшін дәл осы стансада газ қысымын көтеру керек болды. Бұған дейін 7-8 келі газ таратылса, біз 9,5 келіге дейін көтердік. Негізі газ құбыры 12 келіге есептелген. Сол кезде газ құбырындағы дәнекерленген қақпақ ұшып кеткен. Диаметрі – 300 миллиметр. Диспетчерлер 9-қазан күні сағат 21:45-те қысымның төмен түсіп кеткенін көріп, адамдардан хабарлама түсіп, оқиға орнына дереу жеттік. Сөйтіп сағат 22:45-те газ шығуын тоқтаттық", - деді Ақтөбе облыстық магистралды газ құбырлары басқармасының директоры Ділдабай Тайшымов.

Оның айтуынша, оқиғаның нақты қалай болғанын комиссия анықтайды.

«Шамамен 12 мың текше метр газ ауаға тарады. Неге жанбады, неге өртенбеді дейтін болсақ, сол жерде бұлақ бар екен. Бір жағынан жаңбыр болды, екінші жағынан жер сулы. Кішкентай от болса газ жанатын еді. Сулы жер болған соң аман қалды. Жанында трансформатор да бар», - деді Ділдабай Тайшымов.

Еске салсақ, кеше Ақтөбе қаласында құбырдан газ кетіп, ауаға тарады