Газ, түтін байқалмады: Апаттан 12 минут бұрын шахтадан шыққан кенші

апат
Фото: Midjourney

Жарылыс болардың алдында ғана кезекшілігін тапсырып, Костенко шахтасынан шығып үлгерген кеншілердің бірі Кazinform тілшісіне сұхбат беріп, апат болар алдында кеніште жағдай қандай болғанын мәлім етті.

«Барлығы әдеттегі қалпында болды. Газ, түтін шықты дейтіндей ешқандай ауытқу байқалмады, өрт те болған жоқ. Жігіттер ауысымды тапсырып, бірер минут сөйлесіп, үйімізге тарқастық. Ал басқа ауысым жігіттері жұмыстарына кірісті. Клетьке (шахтадан көтеретін жабдық) дейін әдеттегідей трамваймен бардық. Біз түнгі 02:23-те шахтадан шықтық, ал жарылыс 02:35-те болды. Яғни, біз клетьпен көтеріліп бара жатқан кезде жарылыс орын алды», - дейді Юрий Коренков.

Сондай-ақ Юрий оқиға орнында болып, тірі қалған әріптестері айтқан кейбір мәліметтермен бөлісті.

«Менің күйеу балам төртінші ауысымға кіріскен бетте жарылыс толқынына түсті. Ауыр соққыға ұшыраған екі жұмысшыны құтқарып қалды. Екеуіне де өзін-өзі құтқару құрылғысын кигізіп, аман алып қалған. Бірінің есімі Виктор Плотников, екіншісінің аты Юрий, фамилиясы есімде жоқ. Оларды звеношы Александр Александрович Кладько құтқарды. Виктор Плотников басын қатты соғып, қарақұсына зақым алған. Қазір ол Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада жатыр»,- деді ол.

Шахтердің айтуынша, жұмыс барысында жарылыс болатындай еш құрылғы сыр бермеген, тіпті қайғылы оқиғадан жарты сағат бұрын да.

«Мен желдету және қауіпсіздік техникасының тау-кен шеберімін, бұл лавада кезекшілікте болдым, өрт болатындай ешқандай себеп болған жоқ. Мұның қайдан шыққанын ешкім білмейді, құрылғылардағы көрсеткіштер қалыпты болды, бәрі аяқасты болды», - деп қосты кенші.

Еске салайық, 28 қазан күні түнгі сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Жер астында 252 адам болған, олардың 205-і бірден жоғары шығарылды.

Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр. 20 жұмысшы ауруханаға жеткізілді.

Кейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі 8 шахтаның жұмысы уақытша тоқтатылды.

Кешқұрым брифинг өткізген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жер астында қалған 13 кеншіні тірі табуға үміт өте аз екенін мәлім етті.

Мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсіп жатқаны айтылуда.

Сағат 23:45-тегі жағдай бойынша, 13 кеншіні іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатты.

Президент Қ.Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні етіп жариялайтын Өкімге қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.

ҚР Үкіметі апаттан қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетінін жариялады.

Апатқа байланысты Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Франция президенттері мен Түркия Сыртқы істер министрлігі, Армения премьер-министрі көңіл айтты.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы қайғылы оқиғаға орай көңіл айтқан барлық шет мемлекеттер басшылары мен қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.

Kazinform «АрселорМитталТеміртау» тарихында қандай апаттар болғаны туралы шолу ұсынған болатын.

Соңғы жаңалықтар