Газа секторында қатты суықтан 10 бала қаза болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қыс маусымының басынан бастап, Израиль жанармай мен гуманитарлық көмек жеткізілуіне кедергі жасап отырған Газа секторында суықтан 10 бала көз жұмды. Бұл туралы Палестина анклавының Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында айтылған, деп хабарлайды Анадолы.

Газа секторы
Фото: Анадолы

— Үш айлық Әли Абу Зур «Әл-Акса Шахидтері» ауруханасында қатты суыққа шыдамай шетінеп кетті, – делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, қыс басталғалы бері суықтан қорғануға мүмкіндігі болмаған балалардың саны 10-ға жетті.

Газа секторында суық ауа райы палестиналықтардың өмірін жалмап жатыр

Газа секторында жүздеген мың тұрғын, Израиль бітім келісіміне қарамастан гуманитарлық көмек жеткізілуін шектегендіктен, өздері жасаған шатырларда тіршілік етуге тырысып жатыр.

Аймақтағы күшті жаңбыр мен дауыл шатырларды тұруға жарамсыз етіп жатыр, әсіресе кішкентай балалар үшін суық өте ауыр тиіп отыр.

Бітім келісімі 10 қазаннан бастап күшіне енгенімен, Газадағы гуманитарлық жағдай айтарлықтай жақсарған жоқ.

Израильдің келісімдегі міндеттерін орындамауы, сондай-ақ азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық жабдық, жанармай және тұрғын үй құрал-жабдықтарын әкелуге қойылған шектеулер дағдарыстың қайтымсыз сипатқа ие болуына әкеп соқты.

Жақында АҚШ Газа секторы бойынша жоспардың екінші кезеңі басталғанын жариялады.

Соңғы жаңалықтар