Газа секторындағы Израиль шабуылдарынан бір тәулікте төрт адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Оқ атуды тоқтату режиміне қарамастан, Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылдарынан соңғы 24 сағатта төрт палестиналық қаза тауып, тағы алты адам жараланды. Жалпы, 2023 жылғы қазаннан бері қаза тапқандардың жалпы саны 74 699-ға жетті. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.
Газа секторындағы Денсаулық сақтау министрлігі Израильдің 2023 жылғы қазаннан бері Палестина анклавына жасаған шабуылдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны туралы соңғы мәліметтерді жариялады.
Ведомствоның жазбаша мәлімдемесіне сәйкес, соңғы тәулікте төрт палестиналық көз жұмған. Олардың арасында бұған дейін Израиль соққыларынан жараланған бір адам бар. Тағы алты адам жарақат алған.
2025 жылғы қазанда атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен бері Израиль шабуылдарынан 1 647 адам қаза тауып, 5 969 адам жараланған. Осы кезеңде үйінділер астынан 850 адамның мәйіті шығарылған.
2023 жылғы қазаннан бері Газа секторындағы Израиль шабуылдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 74 699 адамға, жараланғандар 176 098 адамға жетті.
Мәліметке сәйкес, Газа секторындағы қираған ғимараттардың үйінділері астында әлі де мыңдаған адамның мәйіті жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Газадағы 70 мың шатырды су басып, Палестина БҰҰ-дан шұғыл көмек сұраған еді.
Ал кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина Президентіне жеделхат жолдап, елдің Тәуелсіздік күнімен құттықтады.