Geely мен GAC 2026 жылға дейін өндірісті жергіліктендірмесе, Ресей нарығынан кетуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Geely және GAC автокөлік брендтері 2026 жылдың алғашқы жартысында жергілікті өндіріске кіріспесе, Ресей нарығынан кетуі мүмкін. Бұл туралы «Рольф» компаниясының бас директоры Светлана Виноградова мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
Автодилердің болжамынша, 2026 жылы Ресей нарығында екі-үш жаңа қытайлық автобренд пайда болады, сонымен қатар осынша марканың кету ықтималдығы да бар.
«Geely мен GAC үшін негізгі мәселе – өндірісті жергіліктендіру. Олардың нарықтағы үлесі айтарлықтай, ресейлік тұтынушылар арасында сұраныс жоғары. Егер 2026 жылдың алғашқы жартысында локализация жұмыстары басталмаса, бұл брендтер Ресей нарығынан кетуі мүмкін», – делінген автодилер ұсынған хабарламада.
Светлана Виноградованың мәліметінше, параллель импорт арқылы әкелінетін жеңіл көліктердің үлесі 2026 жылы 4%-ға дейін төмендейді. Бұған Қытайдың экспорттық шектеулері әсер етіп отыр. Қазіргі уақытта параллель импорттың 80-85%-ы Қытайдан келеді.
Ал GAC компаниясының баспасөз қызметі өз кезегінде Ресей нарығынан кету жоспары жоқ екенін хабарлады.
«Ресей нарығы GAC бренді үшін стратегиялық маңызға ие. Компанияның ұзақмерзімді стратегиясы өзгермейді», – деп мәлімдеді автобренд өкілдері.
GAC өкілдері операциялық қызмет штаттық режимде жүріп жатқанын, барлық міндеттемелер орындалып отырғанын және компания дилерлік желіні әрі сервис инфрақұрылымын кеңейтуді жалғастыра беретінін атап өтті.
Бұған дейін Ресейде утильалым мөлшері өскені хабарланған еді.