Гектарынан 20-25 центнер: Ақтөбелік диқан егін ору жұмысын бастады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде егін ору науқаны басталды. Алға ауданындағы диқан гектарынан 20-25 центнер өнім алып жатыр.

Ақтөбе облысы Алға ауданындағы «Ажар+» шаруа қожалығы қазір күздік егісті жинау жұмысын жүргізіп жатыр.
— Біздің иелігімізде 2,5 мың гектар жер бар. Негізі жер бөлінген кезде отбасымыз осы аумақты пайға алған. Бұл аумақтың толық кәдеге асқанына 3 жыл болды. Барлығы 25 адам жұмыс істейді. Олар механизатор, бақташы, сатушы мен өзге де жұмысшылар. Арасында Ақтөбе қаласынан келетіндері мен ауыл тұрғындары бар. Бәрі үшін ауылда, шаруашылық басында жатын орны, асханасы қарастырылған. Бұл жердің жұмысшылары маусымдық емес, тұрақты қызмет етеді, — деді «Ажар+» шаруа қожалығының басшысы Талғат Қуртабаев.
Шаруашылықта егін оқу жұмысы осы аптада басталды. Комбайн былтыр 10 күн бұрын алқапқа түскенімен, биыл да диқандар мол өнім жинауды көздеп отыр.
— Биыл гектарынан 20-25 центнер өнім жиналады. Нақтысы жұмыс толық аяқталған соң белгілі болады. Қойма да дайындалды. Сыйымдылығы — 3 мың тонна, — деді Талғат Қуртабаев.
Айта кетейік, қазіргі кезде Ақтөбе облысында 7 қойма бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 381 мың тонна.
— Қазіргі кезде қоймада 75 мың тонна астық бар. Яғни, жүктеме 20% құрайды. Биылғы астықты қабылдау үшін де дайындық қызу. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сақтандыру шаралары қабылданады. Биыл 450 мың тонна дәнді дақыл, 60 мың тонна майлы дақыл жинау жоспарланып отыр. Өнімді сақтауға толық мүмкіндік бар. Барлығы 381 мың тонналық қойма болса, шаруашылықтарда да 304 мың тонна қойма жасақталған. Демек 685 мың тонна өнім сақталуға жағдай жасалған, — деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаев.
Ақтөбе облысында биыл 600 мың гектардан астам жердің 432 мың гектарына дәнді дақыл, 62 мың гектарына майлы дақыл егіледі. Мал азығы үшін 94 мың гектар жер бөлінді.