Гендерлік теңдік: жаһандық үрдістер мен Қазақстандағы жағдай

АСТАНА. KAZINFORM – Гендерлік теңдік – ер мен әйелдің барлық салада тең құқық пен мүмкіндіктерге ие болуы. БҰҰ бұл принципті адамзаттың орнықты дамуының басты алғышарты деп таниды. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуі мен тұрақтылығы да осы құндылықпен тығыз байланысты. Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге маңызды тақырыпқа талдау жасады.

гендерлік теңдік
Коллаж: Kazinform/ freepik, nano banana

123 жылға созылатын жол

Дүниежүзілік экономикалық форум әзірлейтін Гендерлік алшақтықтың жаһандық индексі 2006 жылдан бері әйелдер мен ерлер арасындағы теңдік деңгейін жүйелі түрде өлшеп келеді. Өткен жылғы есепте 148 ел қамтылып, әлем бойынша гендерлік алшақтықтың 68,8%-ы жабылғаны анықталды. Бұл — 2024 жылмен салыстырғанда небәрі 0,3 пайыздық ілгерілеу ғана. Қазіргі қарқын сақталса, толық теңдікке жету үшін шамамен 123 жыл қажет.

Әлем елдерінің тәжірибесіне үңілсек, көш басындағы мемлекеттердің табысы жүйелі саясаттың нәтижесі екенін көруге болады. Мәселен, Исландия 92,6% көрсеткішпен қатарынан 16 жыл бойы бірінші орында келеді. Елде тең еңбекақы туралы заң қатаң сақталады, әйелдердің саяси және экономикалық белсенділігі жоғары. Соның нәтижесінде гендерлік теңдік деңгейі 90%-дан асып отыр.

Жалпы, үздік ондықтағы елдердің барлығы гендерлік алшақтықтың кемінде 80%-ын қысқартқан. Олардың сегізі — Еуропа мемлекеттері.

Азия елдерінің ішінде үздік елулікке енген санаулы мемлекеттің бірі — Сингапур. Ал индекс соңында тұрған Ауғанстан керісінше үрдісті көрсетеді. Соңғы жылдары әйелдердің білім алуына және еңбек етуіне қойылған шектеулер елдің көрсеткішін күрт төмендеткен.

Qazaq Expert Club жанындағы әлеуметтік сала сарапшысы Толқын Сәметованың айтуынша, жаһандық үрдістерді мәдени ерекшелікпен түсіндіру қате. Гендерлік алшақтық — институционалдық, экономикалық және саяси факторлардың өзара ықпалдасуының нәтижесі.

Толқын Сәметова
Фото: Толқын Сәметованың жеке мұрағатынан

 

— Демократиялық институттары орныққан, сот жүйесі тәуелсіз әрі құқық қорғау тетіктері нақты жұмыс істейтін елдерде кемсітушілікке жол берілмейді және ол заңмен жазаланады. Мұндай мемлекеттерде тең мүмкіндік саясаты сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асады. Мәселен, Солтүстік Еуропа елдерінде — Норвегия мен Финляндия сияқты мемлекеттерде гендерлік теңдік ондаған жыл бойы мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып келеді, — деді ол.

Сарапшының пікірінше, соғыс, саяси дағдарыс және тұрақсыздық жағдайында гендерлік теңсіздік күшейе бермек. Өйткені мұндай кезеңдерде әйелдер ең алдымен жұмысқа, білімге және қауіпсіздікке қол жеткізу мүмкіндігінен айырылады. Ал кеше ғана тұтанған қақтығыс бұл мәселеде бүкіл Таяу Шығыс өңірі үшін кері қайтпайтын шегініс нүктесіне айналуы мүмкін.

Орталық Азия: прогресс пен проблемалар

Орталық Азия гендерлік алшақтық индексі бойынша әлемнің сегіз өңірінің ішінде төртінші орында тұр. Өңірдің орташа көрсеткіші — 69,8%. Бұл  жаһандық ауқымда салыстырмалы түрде жаман нәтиже емес, бірақ әлеует толық ашылды деуге де келмейді.

Өңірдің басты артықшылығы — білім беру (99,3%) мен денсаулық сақтау (97,3%) салаларында. Ол Орталық Азияны әлемдегі үздік өңірлердің қатарына қосады.

Экономикалық қатысу көрсеткіші — 71,2%. Әйелдердің еңбек нарығындағы белсенділігі өңір экономикасының құрылымдық өзгерістеріне ықпал етіп келеді.

Алайда өңірдің әлсіз тұсы — саяси мүмкіндіктер. Бұл бағыттағы көрсеткіш — небәрі 11,6%. Әйелдердің парламент пен үкімет құрылымдарындағы үлесі әлі де төмен. Дегенмен 2006 жылдан бері министрліктер мен парламенттегі әйелдер саны біртіндеп артқаны байқалады.

Әлеуметтанушы Толқын Сәметованың пікірінше, көрсеткіштер әлеуметтік теңдік мәселесі ғана емес, экономикалық даму стратегиясымен де тікелей байланысты.

— Шын мәнінде, бұл — адами капиталды толық пайдалану туралы мәселе. Егер халықтың жартысы өз әлеуетін толық жүзеге асыра алмаса, мемлекет өз ЖІӨ-сін саналы түрде шектейді деген сөз. Қарапайым тілмен айтқанда, гендерлік теңдік — экономикалық қажеттілік, — дейді ол.

Сарапшының пікірінше, әсіресе Орталық Азияда бұл мәселеге қатысты мемлекет басшыларының ұстанымы мен нақты саясаты стратегиялық дамудың айқын көрсеткіші болмақ.

Қазақстандағы ахуал қандай?

Қазақстан гендерлік алшақтық индексінде 148 елдің ішінде 0,698 балл жинап, 92-орынға тұрақтады. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда төмен нәтиже (2024 жылы — 76-орын, 0,710 балл), яғни елдің жаһандық рейтингтегі позициясы әлсіреген.

гендер
Инфографика: Kazinform

Соған қарамастан, еліміз білім мен денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатарда. Сауаттылық пен жоғары білімге қолжетімділік бойынша толық теңдік қамтамасыз етілген. Тіпті жоғары білімде әйелдер белсендірек: 58,38% — әйел, 48,73% — ер адам. Денсаулық және өмір сүру бағыты бойынша да көрсеткіш жоғары — 0,976 балл (33-орын).

Алайда әлеуметтік база мықты болғанымен, экономикалық салада айырмашылық айқын. Әйелдердің жұмыс күшіне қатысуы — 63,3%, ал ерлерде — 74,6%. 

гендерлік теңдік индикаторлары
Инфографика: Kazinform

Ең әлсіз тұс — саяси өкілдік. Қазақстан бұл бағытта 117-орында (0,111 балл). Сонымен қатар еңбек нарығында кәсіби бөлініс байқалады. Әйелдер көбіне білім беру мен денсаулық сақтау салаларында шоғырланған, ал ерлер жоғары жалақылы техникалық және өндірістік бағыттарда басым.

Гендерлік теңдік сарапшысы Нұржамал Иминованың айтуынша, мәселе тек еңбек нарығымен шектелмейді. Үй шаруасының тең бөлінбеуі де әйелдердің экономикалық өнімділігіне ықпал етіп отыр.

— Үй шаруасы айтарлықтай уақытты талап етеді және еңбек ету мүмкіндігін шектеуі мүмкін. Бұл олардың кәсіби дамуына кедергі келтіреді, — дейді ол.

Нұржамал Иминова
Фото: Нұржамал Иминованың жеке мұрағатынан

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы (2024 ж.) деректеріне сәйкес, жұмыс істейтін ер адам үй шаруасы мен бала тәрбиесіне жұмыс күндері орта есеппен 48 минут, демалыс күндері 1,5 сағат бөледі. Ал әйелдер жұмыс күндері ас дайындау, тазалық, кір жуу және балалармен айналысуға орта есеппен 2 сағат 13 минут, сенбі-жексенбі күндері 4 сағат 44 минут жұмсайды.

— Отбасылық өмірде әйелдер тап болатын жүктемені терең түсіну қажет. Ол айтарлықтай күйзеліс пен эмоциялық қажуға әкелуі мүмкін, — деп санайды сарапшы.

Әлеуметтанушы Толқын Сәметованың пікірінше, жағдайды өзгерту үшін әлемдік тәжірибеге сүйену қажет.

— Мысалы, Швеция елінде икемді жұмыс кестесі мен қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі әйелдерге мансап пен отбасын қатар алып жүруге жол ашты. Финляндия балабақша желісін кеңейтіп, бала күтіміне субсидия енгізу арқылы әйелдердің жұмыспен қамтылуын 80%-ға дейін арттырды. Норвегия директорлар кеңестерінде әйелдерге квота белгілеп, тәлімгерлік бағдарламалар арқылы жоғары басшылықтағы әйелдер санын көбейтті. Ал Исландия тең еңбекақы туралы заңнаманы күшейтіп, жұмыс берушілерге міндетті есептілік енгізу арқылы жалақы алшақтығын қысқартты, — деді Толқын Сәметова.

Сарапшылардың пікірінше, егер осындай жүйелі шаралар Қазақстанда да жүзеге асырылса, әйелдердің әлеуетін толық ашуға мүмкіндік туады.

Сонымен қатар жалақы мөлшерін ашық ету де маңызды. Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінде компания деңгейінде гендерлік алшақтықты жария ету талаптары енгізілген. Ол жұмыс берушілерді жалақыны теңестіруге ынталандырады.

Саясатта гендерлік стереотип сақталып отыр

Кейінгі жылдары Қазақстан гендерлік теңдік бағытында маңызды институционалдық қадамдар жасады. Парламент пен мәслихаттарда әйелдерге квота енгізілді. Қазір Парламентте 28 әйел депутат бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,8%-ға жеткен, басшылық қызметтегі әйелдер 39,1%, сот жүйесінде әйелдердің үлесі — 53%.

гендерлік теңдік
Коллаж: Kazinform/ freepik, nano banana

Дегенмен, сандық көрсеткіш барлық мәселені шешпейді. Бұл тұста саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева гендерлік саясатты зерттеу бойынша ғылыми әдебиеттегі glass ceiling — «шыны төбе» ұғымын атап өтті, яғни әйелдер барлық қабілетіне қарамастан көбіне бірінші басшы деңгейіне жетпей, орынбасар деңгейінде ғана қалуы мүмкін.

— Әйелдер білімі мен қабілеті жеткілікті болса да, көп жағдайда бірінші басшы деңгейіне жете алмай, орынбасар қызметінде қалып қояды. Бұған көбіне қоғамдағы «әйел басшы болуға дайын емес» деген ескі көзқарас пен стереотиптер әсер етеді.

«Шыны төбе» кедергісін бұзу үшін ұйымдарға әйел басшылардың көбірек келуі маңызды. Себебі көптеген елде басқару кеңестерінің құрамында әйелдердің болуы арнайы талаптармен бекітілген, — дейді саясаттанушы.

Толғанай Үмбетәлиева
Фото: Толғанай Үмбетәлиеваның жеке мұрағатынан

 

Гендерлік теңдік сарапшысы Нұржамал Иминова тағы бір мәселені ерекше атап өтті. Оның  пікірінше, әлемде әйелдер көбінесе әлеуметтік министрліктерді басқарады, ал экономикалық, қорғаныс пен энергетикалық ведомстволар дәстүрлі түрде ер азаматтардың қолында қалады.

— Қоғамдағы стереотип пен негізсіз мифтерді жою қажет. Ол үшін экономиканың түрлі салаларында табысқа жеткен әйел көшбасшылардың үлгісін насихаттау маңызды. Қорғаныс, экономика, құрылыс, коммуникация, IT немесе өндіріс сияқты дәстүрлі түрде «ерлер саласы» саналатын бағыттарды да табысты басқарып жүрген әйелдердің нақты мысалдарын көрсету керек. Бұл қыз-келіншектерге сенім сыйлап, қоғамдағы көзқарасты өзгертуге ықпал етеді, — дейді ол.

Ал әлеуметтанушы Толқын Сәметова Қазақстандағы заң шығарушы билікті қалыптастыру принципінің өзгеру ықтималдығына назар аударады.

— Бұрын енгізілген квоталар әйелдердің саясатқа келуіне белгілі бір деңгейде жол ашқан тетік болды. Алайда ұзақ мерзімде Мемлекет басшысы басты назарды тұрақты институционалдық жағдай қалыптастыруға аударып отыр, яғни партиялар арасындағы бәсекені күшейту, кандидаттарды іріктеу үдерісін ашық ету әйелдердің басқарушы лауазымдарға тең мүмкіндікпен жетуіне жағдай жасайды деп санаймыз, — дейді спикер.

Әйелдер бизнесте белсенді ме?

Тағы бір маңызды аспект — Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі кейінгі жылдары айтарлықтай дамып келеді. Ресми деректерге сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілерінің 48%-ын әйелдер басқарады, ал жеке кәсіпкерлер арасында олардың үлесі 54%-дан асқан.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Астана қаласы бойынша Іскер әйелдер аралық кеңесінің төрағасы, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Сәния Ирсалиева еліміз әйелдердің кәсіпкерлікке қатысуы бойынша әлемдегі үздік 30 елдің қатарына кіретінін алға тартты.

— Әйелдер көбінесе қызмет көрсету, бөлшек сауда және білім беру салаларында бизнес бастайды. Сондай-ақ агробизнес пен шығармашылық салаларда белсенді, — дейді Сәния Ирсалиева.

Сәния Ирсалиева
Фото: gov.kz

 

Қазақстандағы үкіметтік және серіктестік бағдарламалар әйелдердің бизнес бастамаларын қолдап отыр. Оларға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы арнайы бағдарламалар, сондай-ақ ЕҚДБ және халықаралық ұйымдармен бірлесіп іске асырылатын жобалар кіреді. Дегенмен қосымша қолдау әлі де қажет.

— Мысалы, әйелдердің әр саладағы нақты қажеттіліктерін ескеріп, арнайы қаржылық өнімдер ұсыну қажет. Білім беру мен тәлімгерлік бағдарламаларын күшейтіп, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау маңызды. Әсіресе ауылдық және шалғай өңірлердегі кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсетуге басымдық берген жөн, — дейді сарапшы.

Спикердің сөзінше, кәсіпкер әйелдердің бетпе-бет келетін қиындықтары да аз емес.

— Әйелдердің белсенділігі жоғары болғанымен, олар әлі де нақты қиындықтарға тап болады. Сондықтан әйел кәсіпкерлерді қолдау шаралары туралы ақпаратты кеңінен әрі түсінікті түрде жеткізу маңызды. Жеңілдіктер, оқыту бағдарламалары мен субсидиялар жөнінде нақты әрі мақсатты ақпарат арналары жеткіліксіз болғандықтан, көптеген әйел бұл мүмкіндіктерден бейхабар. Бұл олардың бағдарламаға қатысуын шектеп, бизнестің тұрақты дамуына кедергі келтіреді, — деп атап өтті сарапшы.

Бұл мәселелер Қазақстанға ғана тән емес. Сарапшының пікірінше, жаһандық тәжірибелерде де осындай қиындықтар жиі кездеседі.

Қазақстан әйелдер үшін қауіпсіз бе?

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, зорлық-зомбылық та — күн тәртібіндегі өзекті мәселе. БҰҰ дерегіне сүйенсек, дүниежүзіндегі әрбір үшінші әйел өмірінде кемінде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Бұл — гендерлік теңдікке қол жеткізу жолындағы ең күрделі кедергілердің бірі.

Нұржамал Иминованың айтуынша, мұндай жағдайда азаматтық қоғам ұйымдарының рөлі айрықша. Оның пікірінше, әйелдердің қауіпсіздігі — назардан тыс қалмауы тиіс негізгі көрсеткіш.

— «Әйелдер, бизнес және құқық - 2026» баяндамасы әлем бойынша әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға қажетті заңдардың тек үштен бірі ғана қабылданғанын көрсетеді. Соның өзінде қолданыстағы заңдар шамамен 80 пайыз жағдайда тиімді жүзеге аспайды. Сондықтан бұл бағытта азаматтық қоғам институттарының белсенділігі ерекше маңызды, — деп есептейді спикер.

Қазақстанда мәселені жүйелі шешуге бағытталған маңызды қадам 2024 жылы жасалды. Сол жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін күшейту туралы заңға қол қойды. Қоғамда құжат «Салтанат заңы» деген атаумен белгілі. Заң экс-министр Қуандық Бишімбаев ісіне байланысты өткен резонансты сот процесінен кейін қабылданды. Сарапшылардың бағалауынша, жаңа норма гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түріне тосқауыл қоюға бағытталған шешім болды.

Жаңа заң әйелдердің құқықтық қорғалуын күшейтеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы тұрмыстық саладағы қылмыстар саны 3 пайызға азайған. Қазір полиция әрбір арыз-шағымды міндетті түрде тіркейді, әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректер де назардан тыс қалмайды.

P.S. Гендерлік теңдік — тек әлеуметтік мәселе емес, елдің экономикалық және саяси дамуына тікелей әсер ететін фактор. Сарапшылар атап өткендей, жүйелі мемлекеттік саясат жүргізу, қоғамдағы стереотипті жою және әйелдердің кәсіпкерлік пен саясаттағы белсенділігін қолдау тұрақты нәтижеге бастайтын жол болып қала береді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум