Германия, ЕО және Түркия Аустралиядағы террористік шабуылды айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Сиднейдегі жағажайда болған қарулы шабуыл салдарынан 12 адам қаза тапты. Оқиғаға байланысты бірқатар елдің билік өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды DW.

Террористическая атака в Австралии: реакция властей Германии и Турции
Фото: Видеодан скрин

Германия канцлері Фридрих Мерцтің айтуынша, бұл — «біздің ортақ құндылықтарымызға жасалған шабуыл».

— Антисемитизмге Германияда да, бүкіл әлемде де нүкте қоюымыз керек, — деді ол.

Сиднейдегі шабуылды Германия мен Еуропаның өзге де саясаткерлері қатаң айыптады.

— Еврей қауымдастығына қарсы жасалған бұл сұмдық зорлық-зомбылық әрекеті сөзсіз айыпталуы тиіс. Менің ойым мен тілегім зардап шеккен адамдармен, олардың отбасыларымен және оқиға кезінде ерлік көрсеткен алғашқы көмек қызметкерлерімен бірге, — деді ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас.

Ол Аустралияны «Еуропаның ең жақын достарының бірі» деп атап, аустралиялық халықпен ынтымақтастығын білдірді.

Еуропарламент төрайымы Роберта Метсола да шабуыл құрбандарына және Аустралиядағы әрі одан тыс жерлердегі еврей қауымдастығына көңіл айтты.

— Сиднейдегі Ханука мерекесінің басталуы кезінде Бонди жағажайында көптеген адамға жасалған қорқынышты шабуылдың суреттерін көріп, қатты күйзелдім. Бұл жарық (Ханука шамы — ред.) өшпейді, — деп жазды ол.

Anadolu Ajansı агенттігінің хабарлауынша, Түркия да Ханука мерекесі кезінде жасалған террористік актіні қатаң айыптады. Бұл туралы Түркияның Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.

Ведомство қаза тапқандардың отбасыларына және бүкіл аустралия халқына көңіл айтып, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі.

— Түркия терроризмнің барлық түрі мен көрінісіне қарсы ұстанымын және осы жаһандық қауіпке қарсы күресте ынтымақтастыққа дайын екенін тағы да растайды, — делінген мәлімдемеде.

Сиднейдегі Бонди-бич жағажайында болған қарулы шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 29 адам, оның ішінде екі полиция қызметкері жарақат алды.

Соңғы жаңалықтар