Германия саясаткерлері ядролық қарусыздану саласындағы Қазақстанның іс-қимылын қолдауда (ФОТО)

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға «Westerwelle Foundaton» атындағы қарусыздандыру және қаруларды бақылау мәселелері бойынша Германияның Федералдық Үкіметінің Уәкілі Патриция Флор, БҰҰ қарусыздану мәселелері бойынша бұрынғы жоғарғы өкілі Ангела Кейн, «Westerwelle Foundaton» қорының жетекшісі Александр Фогель, ГФР құзыретті министрліктері мен ведомстволарының, неміс қоғамдық-саяси және ғылыми топтарының, үкіметтік емес ұйымдарының, БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстандық делегация құрамында Елші Болат Нүсіпов, ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко және неміс жұртшылығының назарына өзінің картиналарын ұсынған АТОМ жобасының Құрметті Елшісі, қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіков болды.
Конференцияда ҚР Президенті Н. Назарбаевтың халықаралық антиядролық бастамалары, оның ішінде ү.ж. қыркүйекте Нью-Йорк қаласында БҰҰ 70-ші Бас Ассамблеясы кезінде өз сөзінде атап өтілген, «АТОМ» жобасын, сондай-ақ жаппай ядролық қарусыздану және таратпау бойынша жалпы Қазақстанның күш-жігерін неміс қоғамдық-саяси топтары қолдайтындығы аталып өтті.
ГФР бұрынғы Вице-канцлері - Сыртқы істер министрі, қордың Басқару төрағасы Гидо Вестервелле атынан оқылған алғысөзінде жаһандық ядролық қарусыздандыру үдерісіндегі Қазақстанның рөліне жоғары баға берілді.
Өз кезегінде, Германиядағы Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов Президент Н. Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы батыл шешімінің тарихи мәні және әлемдік маңызын, Қазақстанның әлемдегі мөлшері жағынан төртінші ядролық арсеналдан бас тартқанын айрықша атап өтті. Елшінің сөзіне қарағанда, аталған шешімдер халықаралық саясат тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше жағдайлар болды. Сонымен қатар қазақстандық дипломат Президент Н. Назарбаевтың шешіміне сәйкес Қазақстанның ядролық қарусыздану үлгісі қазіргі заманда ядролық қарудың одан әрі таралуымен және оны халықаралық лаңкестік ұйымдардың сатып алу қаупімен сипатталатын айрықша өзекті мәселеге айналуда. Өз сөзінде Болат Нүсіпов ядролық сынақтың гуманитарлық, халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайына, қоршаған ортаға тигізген зиянды әсеріне тоқталды.
Кездесу соңында АТОМ жобасының Құрметті Елшісі Кәріпбек Күйіков өз отбасын қоса, бір жарым миллион қазақстандықтардың өміріне ядролық сынақтың тигізген трагедиялық әсері туралы жиналғандардың есіне тағы бір рет салып өтіп, қатысушыларды АТОМ жобасын және әлемде ядролық сынақтың барлық түріне толық тыйым салуға бағытталған Қазақстанның саясатын қолдауға шақырды. К. Күйіков Франция мен Ливанда лаңкестік актілерінің, сондай-ақ Синай түбегіндегі Ресей ұшағының жарылуы салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтып, экстремизм мен лаңкестіктің өсіп келе жатқан қаупі әлемді ядролық қарудан тазартуды бірінші кезектегі міндетке айналдырғанын атап өтті.
Қазақстан тарапынан негізгі баяндамашы ретінде ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Р. Василенко сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жүйелі ұсыныстарының арқасында қазақстандық сыртқы саяси бастамалардың халықаралық деңгейде қолдау табуы арта түскені байқалуда деп атап өтті. 29 тамыз күнін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күн деп жариялау туралы ұсынысты БҰҰ Бас Ассамблеясының бірауыздан қабылдағанын мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар Р. Василенко еліміз өз үлгісімен мемлекет қауіпсіздігін ядролық қарусыз-ақ қамтамасыз ету мүмкін екенін айтты. БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық сессиясында ұсынған Қазақстан Президентінің БҰҰ-ның Жалпыға бірдей ядролық қарусыз бейбітшілікке жету, жаһандық антиядролық қозғалысты құру және тағы басқа бастамалары халықаралық қоғамдастыққа жағымды әсер етуі, олардың сұранысы ғана емес, сонымен қатар санасы өсіп жатқан әлемге ядролық қарусыз бейбіт өмір жолындағы батыл қадамдарының қажет екенін көрсетеді. Қазақстандық дипломат атап көрсеткендей, Президент Н. Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құрудың мақсаттарын жариялау туралы бастамасы 2045 жылы, БҰҰ-ның және тарихта ядролық қарудың алғаш қолданылғанына жүз жыл толуы қарсаңында аталған проблематика бойынша халықаралық алаңдарда пікірталас өткізуді жандандыра түсті.
БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі бұрынғы Жоғары өкілі бұл қызметте ұзақ жылдар жұмыс істеген және одан 2015 жылдың тамыз айында шыққан Ангела Кейн, өз кезегінде Қазақстанның осы саладағы белсенді рөлі БҰҰ-ның ядролық қаруға жаһандық тыйым салу және таратпау мәселелері бойынша іс-қимылын нығайтқанын атап өтті. Қазіргі кезде Венадағы Қарусыздану және таратпау орталығының аға ғылыми қызметкері болып табылатын белгілі сарапшының пікірінше, ядролық қарусыздану саласындағы алдағы ілгерілеуге бүкіл әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Ядролық қауіпсіздік барлық жүйенің іргетасы рөлін атқаратын және жер шарындағы ядролық қарусыздануға қадам бастыратын құжатқа 50 жыл толатын 2020 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша кезекті шолу жасау конференциясына дайындық шеңберінде аталған жұмыстың өзектілігі арта түседі.
Подиумдық пікірталас барысында Германияның қарусыздандыру және қаруларды бақылау мәселелері жөніндегі Федералдық үкіметінің Уәкілі Патриция Флор аталған тақырып бойынша екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының көзқарастарының ұқсастығын және жаһандық ядролық қарусыздану ісінде көпжақты күш салуды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
«Westerwelle Foundation» қоғамдық-саяси қоры ГФР-дың ірі саяси қорларының бірі болып саналады. Осы конференцияның беделді саяси ұйымның қабырғасында өтуі неміс қоғамдық-саяси топтарының Қазақстанның ядролық қарусыздануға қарсы бастамасын кең көлемде қолдайтынын, көрсетті, сондай-ақ екі елдің ядролық қарудан ерікті түрде бас тартып, бейбітшілік орнату бағытында белсенді түрде күш салуды жалғастыруына қосымша дайындық болды.