Германияда бірер аптада үшінші банкке ұры түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның батысындағы Солтүстік Рейн-Вестфалия штатындағы банктердің біріне ұры түскен. Бұл – кейінгі бірнеше күн ішіндегі үшінші банкті тонау оқиғасы, деп хабарлайды Kazinform DW-ге сілтеме жасап.

Германияда бірер аптада үшінші банкке ұры түсті
Фото: sparkasse-kehl.de

Жергілікті полицияның хабарлауынша, 30 желтоқсан күні жұмыс уақытында Галле қаласындағы теміржол вокзалы көшесіндегі банк бөлімшесінде төрт сейф жәшігі бұзылған. 

Келтірілген шығын көлемі әлі анықталған жоқ. Қылмыскерлер қоймаға нақты қалай кіргені де белгісіз. Ал полицейлер бұзылған сейфтердің иелерімен байланысқа шықты. Құқық қорғау органдары оқиғаның куәгері болуы мүмкін кез келген адамды байланысқа шығуға шақырды. 

Бұған дейін Солтүстік Рейн-Вестфалияда Sparkasse банкінің екі бөлімшесі тоналған болатын. 

Бірінші тонау оқиғасы 17 желтоқсанда Бонн қаласында болды, бірақ бұл туралы айдың соңында ғана хабарланды. Орталық Фриденсплатц алаңындағы Sparkasse банк бөлімшесінде екі сейф бұзылып, көп мөлшердегі бағалы заттар, негізінен алтын ұрланған. Полиция қылмысқа 22 жастағы бұрынғы банк қызметкерінің күдікке ілінгенін хабарлады.

– Күдіктінің үйіне тінту жүргізіліп, полиция бөлімшесіне жеткізілді, бірақ кейін оны ұстауға негіз табылмағандықтан босатылды, - деп хабарлайды WDR. 

Бұған дейін Германияда ұрылар банктен шамамен 30 млн еуро тонап кеткенін жазғанбыз. Ұрлық 29 желтоқсан күні болды. Сол кезде өрт сигнализациясының іске қосылуына байланысты өрт сөндірушілер мен полицейлер банк ғимаратын тексерген. 

Соңғы жаңалықтар