Германияда орташа жалақы өсті, бірақ өңірлік айырмашылық 30%-ға жетті
АСТАНА.KAZINFORM — 2025 жылы Германиядағы орташа жылдық жалақы салыққа дейін 51 272 еуро болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1%-ға жоғары, деп хабарлайды BILD.
Зерттеу барысында шамамен 615 мың жалақы деректері талданған. Kununu өкілі Дарио Вильдингтің айтуынша, осы тізімдегі 243 334 адам орташа көрсеткіштен жоғары табыс табады.
- Егер бұл үлесті Германиядағы барлық жұмыскерге қолдансақ, шамамен 18,2 миллион адамға сәйкес келеді, — деді Вильдинг.
Дегенмен, өңірлер арасындағы табыс айырмашылығы әлі де айқын байқалады.
Ең жоғары орташа жалақы Гессенде (55 064 еуро), Гамбургта (54 332 еуро) және Баден-Вюртембергте (53 890 еуро).
Шығыс аймақтарда көрсеткіштер әлдеқайда төмен: Мекленбург-Батыс Померанияда орташа табыс 42 660 еуро.
Ең бай және ең кедей федералдық жерлер арасындағы айырмашылық 29,1%-ға жетеді.
Қалаларда бұл жағдай ұқсас болып тұр: Штутгарт алғаш рет 59 189 еуромен көшбасшы болып, Франкфурт пен Мюнхенді озып кетті. Ал Лейпциг пен Дрезденде орташа жалақы 47 мың еуродан төмен.
Германиядағы әйелдердің табысы әлі де ерлерден айтарлықтай төмен: орта есеппен 47 028 еуро, ал ерлер 53 856 еуро алады, айырмашылық жылына шамамен 6,8 мың еуро.
Басқарушы лауазымдарда бұл айырмашылық одан да көп — 10 мың еуродан асады.
Сонымен қатар, жалақы тәжірибе мен компанияның көлеміне тікелей байланысты: он жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлердің табысы жаңадан келгендерге қарағанда шамамен бір есе көп, ал 10 мыңнан астам қызметкері бар ірі компанияларда жұмыс істейтіндер шағын бизнестегі қызметкерлерге қарағанда 20%-ға жоғары жалақы алады.
Айта кетелік 2026 жылдан бастап Германияда жұмыссыздарға арналған жаңа төлем жүйесі күшіне енеді.