Германияда тесілген құбырдан 25 метрлік мұнай бұрқағы атқылады
АСТАНА. KAZINFORM — Германияның шығысындағы Бранденбург жерінде зақымданған мұнай құбырынан көп көлемде мұнай төгілді. Бұл туралы DPA агенттігі хабарлады.
Агенттік дерегінше, оқиға PCK мұнай өңдеу зауытына тиесілі құбырда Грамцов елді мекеніне жақын маңда тіркелген. Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
«Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен зақымдану ауқымы туралы ақпарат бере алмаймыз», деп мәлімдеді ведомство.
Өз кезегінде Märkische Oderzeitung газеті апат мұнай құбырына жүргізілген жұмыстар кезінде болғанын нақтылады. Төгілген мұнайдың салдарынан құбырдан биіктігі шамамен 25 метр болатын мұнай бұрқағы атқылаған. Бранденбургтің қоршаған орта министрі Ханка Миттельштедт залалдың көлемін бағалау үшін бейсенбі күні оқиға орнына баруды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Еске сала кетсек, қараша айында Қазақстан мұнайының Германияға жеткізілімі 25 пайызға артқанын жаздық.