Германияда жаңа жыл түні ондаған полицей пиротехникадан жарақат алды

АСТАНА. KAZINFORM — Берлинде кезекшілікке шыққан 4300 полиция қызметкеріне бірнеше рет петарда мен зымырандар атылған. Бұл туралы жергілікті құқық қорғау органдары хабарлады, деп жазады DW.

Германияда бомба қаупінен 20 мың адам эвакуацияланды
Фото: ТАСС

Осындай шабуылдар мен күдіктілердің қарсылығы салдарынан 21 полицей жеңіл жарақат алған. Алдын ала мәлімет бойынша, қалада шамамен 400 адам уақытша ұсталған, сондай-ақ бірнеше келі заңсыз пиротехника тәркіленген.

Гамбургте де жағдай күрделі болды: кемінде 10 полицей жарақат алып, қызметін жалғастыра алмаған. Бұл туралы жергілікті полиция басқармасы мәлімдеді.

Лейпцигте пиротехникалық шабуылдарға полиция қызметкерлері мен жедел қызмет өкілдері ұшыраған. Қала орталығында бірнеше өрт оқиғасы тіркелген, деп хабарлады dpa агенттігі.

Соңғы жылдары жедел қызмет өкілдеріне жасалатын шабуылдар жиілегендіктен, Германия полициясы жаңа жыл түні күшейтілген режимде қызмет атқарды. Оларды пиротехникалық бұйымдармен атқылау жағдайлары жиі байқалады.

Соған қарамастан, жергілікті полицияның хабарлауынша, Берлинде биылғы жаңа жыл түні бұрынғы жылдарға қарағанда салыстырмалы түрде тыныш өткен көрінеді.

Бұдан бұрын Германияның батысында болған жарылысқа заңсыз пиротехника себеп болуы мүмкін екені айтылды.

Соңғы жаңалықтар