Германиядағы экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ісі: Қазақстанда да қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов былтыр маусым айында Германияда көз жұмған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ісіне қатысты түсінік берді. 

Германиядағы экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ісі: Қазақстанда да қылмыстық іс қозғалды
Фото: Pexels

– Германия аумағында Қазақстан азаматына қатысты аса ауыр қылмыс жасау мәселесі бойынша Бас прокуратура айналысып жатыр. Өйткені халықаралық құқық қорғау іс-қимылында уәкілетті органы саналады, - деді С. Әділов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып. 

Сонымен қатар ол Қазақстанда жәбірленушіні азаптау мақсатында аса қатыгездікпен, қорлаумен жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. 

– Қазақстанда қозғалған қылмыстық істің бар екенін, яғни Қылмыстық Кодекстің 110-бабындағы азаптау бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын растаймын. Бұл дерек жәбірленушінің туыстарының өтініштері негізінде қарастырылды. Осы оқиғалар сол кезде ерлі-зайыптылардың Қазақстан аумағында – Жетісу облысында тұрған кезеңде болған. Атап айтқанда, Германияда қасақана кісі өлтіру дерегі тергелсе, ал бізде дене жарақатын келтіру және әйелін азаптау жағдайы тексеріліп жатыр, - деді Ішкі істер министрінің орынбасары. 

Сонымен қатар ол қазір бірқатар сараптама жүргізіліп жатқанын нақтылады. 

Биыл тамыз айында Германия жағы экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның іс бойынша тергеу әлі аяқталмағанын хабарлады. 

Еске салайық, өткен жылдың маусым айында Германияда экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның зорлық-зомбылық белгісі бар мәйіті табылған болатын. 

40 жастағы Айгүл Сайлыбаева Шеффилдте (Англия) білім алып, кейін Астанада судья болып жұмыс істеген. Кейінгі жылдары ол күйеуі, қызы және енесімен бірге Германияның Бенсхайм қаласында тұрған. 

Оның денесі қала шетінен табылды. БАҚ деректеріне сәйкес, марқұмның қолында, мойнында және бетінде пышақ жарақаттары болған. 

Сонымен қатар Айгүл Сайлыбаевамен бірге оның 49 жастағы енесі Наталья Донцова да жоғалып кеткені белгілі болды. Ол 4 маусым күні немересін балабақшадан алып, үйіне әкелген. Сол уақыттан бері Наталья Донцовадан еш хабар жоқ. 

Айта кетелік Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ісі бойынша марқұмның енесіне халықаралық іздеу жарияланған еді. 

Соңғы жаңалықтар