Google бұдан былай құлаққап арқылы сөйлескен сөзді лезде аудара алады

АСТАНА. KAZINFORM — Google Android құрылғыларында нақты уақыттағы аудиосөйлесу аудармасын іске қосты. Бұл функция «Google Аудармашы» қосымшасында құлаққап арқылы сөйлескен кезде сөзді бірден аударып береді. Мұндай мүмкіндік бұған дейін iPhone-да болған, деп жазды 24 kg.

Google
Фото: Anadolu Ajansı

Қазір бұл жаңа функция АҚШ, Үндістан және Мексикадағы кейбір Android қолданушыларына ғана қолжетімді. Бұл туралы TechCrunch жазды.

Жаңа технология адамның сөзін интонациясы мен сөйлеу ырғағын сақтай отырып аударады. Соның арқасында әңгіме барысын түсіну және кімнің сөйлеп жатқанын ажырату жеңілдейді.
Функция 70-тен астам тілді қолдайды және кез келген құлаққаппен жұмыс істей береді.

TechCrunch мәліметінше, бұл мүмкіндік 2026 жылы iOS (iPhone) жүйесіне де қосылады және басқа елдерге таратылады.

Сонымен қатар Google «Google Аудармашыға» Gemini жасанды интеллекті негізіндегі жаңа құралдарды енгізіп жатыр. Олар мәтін мен сөзді табиғи әрі дәл аударуға көмектеседі, өйткені контексті, сленгті, тұрақты тіркестер мен жергілікті сөздерді жақсы түсінеді.

Бұдан бөлек, тіл үйренуге арналған білім беру функциясы тағы 20 елде, соның ішінде Германия мен Үндістанда қолжетімді болды. Бұл функцияның сынақ нұсқасы 2025 жылдың қазан айында алғаш рет таныстырылған еді.

Жақында Google 2025 жылы ең көп ізделген сұрақтарды атаған еді.

Соңғы жаңалықтар