Google Classroom енді қазақ тілінде қолжетімді
АСТАНА. KAZINFORM – Google компаниясы Google Classroom платформасына тілдік қолдау көрсетіп, сәуір айында тізімге қазақ тілін енгізгенін ресми мәлімдеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Бұл – Оқу-ағарту министрлігі Алтынсарин академиясының жүйелі жұмысының нәтижесі.
Google Classroom – 170 миллионнан астам адам қолданатын әлемдегі ең танымал білім беру платформаларының бірі. Енді қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін жаңа цифрлық игіліктерді пайдалану мүмкіндіктері пайда болды.
Бұл – еліміздің оқушылары мен педагогтері үшін цифрлық тең қолжетімділікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам.
Қазақ тіліне өту үшін Google аккаунтында параметрді өзгерту жеткілікті – платформа интерфейсі веб-нұсқаға және мобильді қосымшаға автоматты түрде бейімделеді.
Естеріңізге сала болсақ, қаңтарда Алтынсарин академиясы Google және Microsoft-пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Одан бұрын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлемдегі ең ірі IT-компаниялардың өкілдерімен келіссөздер жүргізген болатын.
Google Classroom қазақша нұсқасы – білім беру саласындағы заманауи цифрлық экожүйені құру жолындағы алғашқы қадам.
Айта кетейік, Қазақстанда Google for Education экожүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба басталды.