Грек-рим күресінен Азия чемпионаты: Қазақстандық балуандар пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен ересектер арасында Азия чемпионаты алғашқы жарыс күні жүлдегер атанған қазақстандық балуандар белдесуі жөнінде ой-пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Ел құрамасынан Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) құрлықтық додада күміс жүлдегер болды.

Ал Аманғали Бекболатов (55 келі) пен Мұхамедәлі Мамырбек (63 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі) қола жүлде алды.

Азия чемпионатында қола жүлде үшін белдесуде Аманғали Бекболатов қытайлық Хайфенг Жангті 9:0 есебімен жеңді.

«Құрлықтық додада чемпион атануды мақсат еткен едім. Алайда, жартылай финалда қарсыласыма есе жіберіп қойдым. Менің тарапымнан белсенді әрекеттер әлсіз болды. Сол себепті қола жүлде үшін сайыста қарсыласымды жеңуге тырыстым», - дейді Аманғали Бекболатов.

Ал Мұхамедәлі Мамырбек (63 келі) жапониялық Чейзо Маруямадан 9:0 есебімен басым түсті.

«Ересектер арасында алғашқы жүлдеме қол жеткіздім. Десе де жарыс барысында біраз қате жібердім. Алдағы уақытта сол қатемен жұмыс жасаймыз. Келешекте бұдан да жоғары жетістікке жетемін деген ойдамын. Қола жүлде үшін сайыста жапониялық қарсыласыма алдын ала зерттеу жүргіздік. Оған қарсы тиісті әдіс-тәсілді қолдандық. Оның қателіктерін өз пайдамызға жаратуға күш салдым», - дейді Мұхамедәлі Мамырбек.

Ал Әлімхан Сыздықов (130 келі) 3-орын үшін белдесуде оңтүстік кореялық Минсекок Кимнен 5:2 есебімен басым түсті.

«Корейлік балуаннан былтыр Моңғолияда өткен Азия чемпионатының финалында басым түскен едім. Елордадағы бәсекеде жолымыз 3-орын үшін сайыста түйісті. Негізі финалға шығуға мүмкіндігім бар еді. Сәтсіздік үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Жартылай финалда қытайлық балуанға есе жібердім. Қате жіберіп алдым. Дайындығым жетпеген секілді. Алда әлем чемпионаты мен Азия ойындары күтіп тұр. Оған қай балуанды алып баратынын бапкерлер құрамы шешеді», - дейді Әлімхан Сыздықов.

Ертең, 10 сәуірде грек-рим күресінен қалған салмақтарда жүлделер сарапқа салынады.

Сондай-ақ, 11-12 сәуірде әйелдер, 13-14 cәуірде еркін күрестен сайыстар өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар