Грек-рим күресінен Азия чемпионатында 4 қазақстандық финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда басталған күрес түрлерінен Азия чемпионатында төрт қазақстандық балуан финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық додада жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінен 55, 63, 77, 87 және 130 келі салмақ дәрежесіндегі балуандар шеберлік байқасты. Ел құрамасынан боз кілемге бес балуан шықты. Олардың қатарынан Аманғали Бекболатов (55 келі), Мейрамбек Айнағұлов (63 келі), Мақсат Ережепов (77 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі) финалға жолдама алды.

Ал Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) енді қола медаль үшін таласқа түседі.

Енді финалда Аманғали Бекболатов Ю Шиотанимен, Мейрамбек Айнағұлов қырғызстандық Тынар Шаршенбековпен кездеседі. Сондай-ақ, Мақсат Ережепов қырғызстандық Ақжол Махмудовпен, Әлімхан Сыздықов оңтүстік кореялық Минсок Киммен бас жүлдені сарапқа салады.

Ал жұбаныш финалында (қола жүлде үшін белдесу) Нұрсұлтан Тұрсынов қырғыз балуаны Мелис Айтбековке қарсылас атанды.

Финал елорда уақытыман сағат 16:00-де басталады.

Жарыс кестесіне сәйкес ертең, 20 сәуірде 60, 67, 72, 82 және 97 келідегі спортшылар бозкілемге шығады.

Азия чемпионатында ел намысын 10 балуан қорғауда.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада ауыр атлетикадан ҚР чемпионаты басталды.



Соңғы жаңалықтар