Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасына лицензиялық турнирге кімдер қатысады
АСТАНА. KAZINFORM - Еліміздің атынан Түркияның Стамбул қаласында өтетін грек-рим күресінен лицензиялық турнирге қатысатын балуандар белгілі болды.

Біріккен күрес әлемі (UWW) 2024 жылғы Париж Олимпиаасына жолдама еретін соңғы лицензиялық турнирге қатысатын балуандар тізімін жариялады. Олардың қатарында қазақстандық Дінмұхаммед Қошқар (67 келі) мен Юсуф Мациев (97 келі) бар.
Ел біріншілігі финалында Дінмұхаммед Қошқар Мейіржан Шермаханбеттен есе жіберген еді. Сондықтан екінші нөмірлі спортшы ретінде Қырғызстан астанасы Бішкек қаласындағы Азия чемпионатына қатыса алған жоқ.
Ал Юсуф Мациев құрлық біріншілігінің финалына шығып, күміс жүлдегер атанған.
Ел құрамасында грек-рим күресінен 4 жолдама бар. Мұндай мүмкіндікке Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі) ие болды.
Еске салсақ, қазірге дейін ел құрамасы еншісінде Париж Олимпиадасының 49 жолдамасы бар.