Григорий Ломакин Қытайдағы турнирде топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин жұптық сында Мааньшан (Қытай) ITF M15 турнирінде чемпион атанды.
Қазақстандық теннисші аустралиялық Джошуа Чарльтонмен бірге жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген еді.
Г.Ломакин мен Д. Чарльтон финалда доданың екінші ракеткалары, оңтүстіккореялық Сон Ву Чо — қытайлық Ян Цзыцзянмен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда Ломакин мен Чарльтон 6:2 есебімен басымдылық танытты. Екіншісінде қарсыластары қарымта қайырды — 6:4. Дегенмен супер тай-бректе қазақстандық-аустралиялық жұп жеңісті жұлып алды — 10:7.
Тағы бір қазақстандық, 19 жастағы Соня Жиенбаева жұптық сында ресейлік Екатерина Яшинамен бірге Чжэнчжоу (Қытай) ITF W35 турнирінің финалында жарыстың бірінші ракеткалары, қытайлықтар Юйцзя Хуан — Ушуан Чженге есе жіберді — 3:6, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Қытайдағы турнирде чемпиондық атаққа таласатынын жазған едік.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Болгариядағы жарыстың финалына жолдама алды.