Грузия қазақстандықтарға білім грантын бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Халықаралық бағдарламалар орталығы Грузияның жоғары оқу орындарына оқуға құжаттар қабылданатынын хабарлады. Өтінім 26 мамырға дейін қабылданады.

− ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Грузияның Білім, ғылым және жастар министрлігі арасында жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім мен ғылым саласында ынтымақтастық келісімі аясында Қазақстан азаматтарын 2025-2026 оқу жылына қабылдау мақсатында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігі ашылды, − деп жазды орталық.
Орталықтың хабарлуынша, жалпы саны 5 грант бөлінген – 2 бакалавр, 2 магистратура, 1 докторантура орындары. Мамандықтар тізімі орталық сайтында көрсетілген.
Өтінім мен құжаттарды 2025 жылдың 26 мамырына дейін Электрондық үкімет» порталы (Egov.kz) арқылы немесе «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да қолма-қол тапсыруға болады.
Үміткерлерді іріктеу үшін тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелері онлайн сұхбат өткізеді, үміткерлердің материалдарын қарайды және қорытынды комиссия шешімі шығады.
Ұпай тең болған жағдайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, мүгедектігі бар балалар, көп балалы отбасынан шыққан балалар, ауылдық елді мекеннен шыққан, соңғы 2 жылда ауылдық елді мекенде тұратын үміткерлер басымдыққа ие болады.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Грузия аумағына келген ҚР азаматтарын кіргізбеу фактілері жиілеп кеткеніне және олардың кейіннен елден шығарылу жағдайларына алаңдаушылық білдірді. Бұл ретте Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Грузияға туристік мақсаттармен келетіні және қабылдаушы елдің заңнамасын берік сақтайтыны аталып өтті. Өз кезегінде грузин тарапы Қазақстан азаматтарының Грузия аумағына кіруі мен болуына барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенін білдірді.