Грузия шетелде дауыс беруге тыйым салады

АСТАНА.KAZINFORM - Грузия азаматтарға парламент сайлауына тек ел ішінде ғана қатысуға мүмкіндік беретін сайлау заңнамасын жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Грузияның Бірінші қоғамдық теледидары хабар таратты.

Грузия планирует запретить гражданам голосовать за рубежом
Фото: Pixabay

- Бүгін Грузия парламентіне жаңа Сайлау кодексі ұсынылады. Ол нормаларды жүйелейді және техникалық аспектілерді жақсартады, рәсімдерді нақтылайды және ережелердің қайталануын жояды. Түзетулер сайлау процесінің нормативтік базасын айтарлықтай жақсартады, - деді Парламент спикері Шалва Папуашвили.

Оның айтуынша, қолданыстағы кодекс 14 жыл ішінде 100-ден астам түзетуден өтті. Нәтижесінде мәтін түсініксіз болып қалды. Кейбір ережелер қайталанды, басқалары ескірді, ал көпшілігі өтпелі баптар арасында жоғалып кетті. Папуашвилидің айтуынша, жаңа нұсқа жинақталған қайшылықтарды жойып, құжаттың бірізділігін қалпына келтіруі тиіс.

Ең көп талқыланатын мәселелердің бірі шетелде тұратын азаматтардың дауыс беру рәсіміне өзгерістер енгізу болады. Дауыс беру құқығы бұрынғыдай қалады, бірақ парламент сайлауына қатысу енді тек Грузия ішінде ғана мүмкін болады. Бұл шетелде тұратын азаматтардың дауыс беруі үшін төрт жыл сайын өз еліне оралуы керек дегенді білдіреді.

Спикердің айтуынша, бұл шешім конституциялық талаптарға және ерік-жігердің ең еркін және ең сенімді түрде білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігіне негізделген. Папуашвили 2024 жылғы сайлаудың шетелдегі сайлаушыларға бағытталған қысым мен дезинформацияға төтеп бере алмағанын атап өтті.

- Бұл қадам жүйенің тұрақтылығын арттырады және әрбір азаматтың мүмкіндігінше таңдау жасауын қамтамасыз етуге көмектеседі, - деп атап өтті спикер.

Ол осындай тәжірибелер Ирландия, Мальта, Израиль және Армения сияқты бірқатар басқа елдерде де бар екенін қоса айтты.

- Құқықтарда ештеңе өзгермейді. Тек рәсім ғана өзгереді. Төрт жылда бір рет азамат үйіне келіп, Грузияда дауыс береді, - деп қорытындылады Папуашвили.

Бұған дейін ЕО Грузияны демократиялық жолдан шегінгені үшін сынға алғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум