Грузияда психотроптық дәрілерді беру ережелері қатаңдатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Грузия билігі психотроптық дәрі-дәрмектерді тағайындау және беру бақылауын күшейтіп жатыр. 1 сәуірден бастап бұл препараттарға электронды рецепт беру тәртібі өзгереді, деп хабарлайды NGnewsgeorgia.
Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, жаңа шектеулер психотроптық заттардың мақсатсыз қолданылу қаупін азайтуға бағытталған. Жаңартылған ережелерге сәйкес, ересек пациенттерге дәрілер ең көп дегенде 14 күнге, ал кәмелетке толмағандарға 30 күнге дейін жазып беріледі. Жаңа рецептіні тек пациентте дәрінің бес күндік қоры немесе одан аз қалған жағдайда ғана алуға болады.
Сондай-ақ тәуліктік доза препарат нұсқаулығында көрсетілген ең жоғары мөлшерден аспауы тиіс деген талап енгізіледі. Дәрігер тағайындауды медициналық құжаттамада негіздеуге міндетті болады. Мөлшерін өзгерткен жағдайда маман бұрын берілген дәрінің қалдығын ескеруі қажет.
Министрлік бұл қатаңдату бірқатар заң бұзудың анықталуымен байланысты екенін атап өтті: кей жағдайларда психотроптық препараттар негізсіз, шамадан тыс мөлшерде немесе тиісті біліктілігі жоқ дәрігерлер тарапынан жазылған. Осыған байланысты 10 медицина қызметкері жауапкершілікке тартылған.
Билік психотроптық дәрілерді тағайындау және тарату бақылауы одан әрі күшейтілетінін мәлімдеді.
Айта кетелік Германияда фармацевттердің ереуілінен соң дәріханалар жабылған еді.