Грузияда тұрып жатқан қазақстандықтар елдегі қазіргі жағдай туралы айтты
АСТАНА.KAZINFORM - Жаппай шеру болып жатқан Грузияда жүрген қазақстандықтар елдегі қазіргі жағдай туралы айтты. Бұл туралы Kazinform тілшісі хабарлады.

Грузияда тұратын Қазақстан азаматы Арман (аты өзгертілді — авт.) Тбилисидегі жағдай тұрақты екенін айтты. Оның айтуынша, қаланың орталық бөлігінде ғана адамдар алаңға шығып қарсылық білдіріп жатыр, ал басқа аудардар қозғалыс үшін қауіпсіз.
Тбилисиде тұратын тағы бір отандасымыз Арсен Алпысбай шерулер жеке адамдар үшін қауіп-қатер туғызбайды дейді.
— Елдегі атмосфера туралы айтатын болсақ, мен ешқандай қауіп сезінбеймін, өйткені адамдар наразылық білдіріп, өз болашағы үшін күресіп жатыр. Жалпы, мұндағы тұрғындардың бәрі бізге жақсы қарайды, бәрі тыныш, жұмыста ешқандай қысым сезінбеймін. Біз бәріміз грузин халқын қолдаймыз, — деп бөлісті ол.
Естеріңізге сала кетейік, Грузияда елді еуроинтеграция курсына қайтаруды талап еткен жаппай наразылық акциялары алтыншы күн қатарынан жалғасып жатыр. Ол туралы Kazinform тілшісінің шолу материалынан толық оқуға болады.
Сондай-ақ, бұған дейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Грузиядағы қазақстандықтардың консулдықтар көмегіне жүгінбегенін хабарлаған болатын.