Грузиядағы оппозиция сайлауды қайта өткізуді талап етіп, халық көшеге шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Грузия оппозициясы 26 қазандағы сайлаудан кейін наразылық шерулерін тұрақты түрде өткізуге уәде берді. Ол сайлау қорытындысы бұрмаланған деп санайды, деп хабарлайды Euronews.

Тбилисидің Руставели даңғылындағы парламент ғимаратының алдына грузин оппозициясының мыңдаған жақтастары шеруге шығып, сайлау қорытындыларына наразылық білдірді.
26 қазанда Орталық сайлау комиссиясы биліктегі «Грузин арманы» партиясын жеңімпаз деп жариялады. Бұл шешімді оппозиция да, ел президенті Саломе Зурабишвили де мойындауға келіскен жоқ. ЕҚЫҰ өкілдері сол кезде Грузиядағы сайлау процесі халықаралық демократиялық стандарттарға жеткілікті түрде сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Руставели даңғылындағы шеруді ұйымдастырушылар үш саяси күш «Өзгеріс үшін коалиция», «Бірыңғай ұлттық қозғалыс» және «Мықты Грузия» өкілдері бірлесіп әрекет етіп, қайта сайлау өткізу үшін наразылық шеруін мерзімсіз, ал митингілерді күнделікті етуге келісті.
Дүйсенбі күнгі шеруге әртүрлі мәлімет бойынша 4-5 мың адам жиналды. Келесі шеру бүгін Тбилиси спорт сарайында өтуі тиіс.
Бұған дейін Грузияның Орталық сайлау комиссиясы прокуратураға президент Саломе Зурабишвили тарапынан тағылған айыптардың негізділігін анықтау өтінішін берді.