Грузиялық сарапшы: Сайлау заң аясында, ашықтық арнасында өтіп жатыр
«Таңертеңнен бері 18 сайлау учаскесінде болдым, осы брифингіден кейін тағы бірнеше учаскеге барып, жалпы жиыны 20-дан астам учаскені араласам деп отырмын. Біздің ұйым өте дәйекті сауалнама әзірлеген болатын. Оның ішінде өте өткір сұрақтар да болды. Сол сауалнамадағы сұрақтарды учаскелер мен комиссия төрағаларының бәріне қойып көрдім. Тіпті учаскедегі байқаушыларға да қойдым. Негізінен бүкіл байқаушылар, соның ішінде халықаралық байқаушылар да бірдей пікір білдіріп, ешқандай шағым болмағанын айтты», - деді сарапшы.
Дегенмен байқаушы техникалық сипаттағы бірер сәт есінде қалғанын айтты.
«Техникалық тұрғыдан кейбір сәттер болды. Оның өзі қалыпты дүниелер. Кей учаскелерде санаулы минут кезек пайда болды. Менің ойымша, мұны түсінуге болады. Өйткені бұл сайлауға деген халықтың қызығушылығы жоғары. Мен болған 18 учаскеде ұйымдастыру жағынан ешбір қателік немесе қандай да бір саяси кемшілік байқалған жоқ. Бәрі заң аясында, транспаренттілік арнасында өтіп жатыр», - деді саясаттанушы.
Бүгін еліміздегі 86 учаскеде дауыс беру өзге учаскелерден бір сағат бұрын басталды.
Орталық сайлау комиссиясының берген мәліметіне сүйенсек, елімізде дауыс беру құқығы бар 11 827 277 азамат тіркелген.
Олар республика аумағында орналасқан 10 101 сайлау учаскесінде дауыс береді. Ал 53 шет мемлекеттегі 68 учаскеде 12 527 Қазақстан азаматына дауыс беру мүмкіндігі жасалған.
Бұған дейін ОСК кезектен тыс президент сайлауының барысын 641 халықаралық байқаушы қадағалайтынын мәлім еткен еді.