Гүл дүкеніндегі жағдай: Шымкент мемкірістер мекемесінің шенеунігі қызметінен кетті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласы Еңбекші аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары өз өтінішімен қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гүл дүкеніндегі жағдай: Шымкент мемкірістер мекемесінің шенеунігі қызметінен кетті

Шымкентте гүл сатушыны ұрған бұзақының іс әрекеті қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Әлеуметік желіде жарияланған видеодан оның қасында Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Елқонды болғаны анықталды.

Осы жағдайға қатысты Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының бұйрығымен Д.Елқонды «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жазаға тартылған еді.

Бүгін белгілі болғандай, Данияр Елқонды өзі берген өтініш негізінде атқаратын қызметінен босатылды.

«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы тарапынан, қажет болған жағдайда қызметтік тергеп-тексеру жүргізу арқылы қолданылған тәртіптік жазаның жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкестігі тұрғысынан зерделеу қажеттігі туралы тапсырма берілді. Алайда, қазіргі уақытта Д.Елқонды өзінің өтініші негізінде атқаратын лауазымынан босатылды. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, оған мемлекеттік қызметті өз еркімен тоқтатуға кедергілер болмады», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан.

Еске салайық, Шымкенттегі гүл дүкенінің жұмысшыларына қоқан-лоқы көрсеткен ер адамдар туралы видео тараған болатын.

Олардың бірі прокуратура қызметкерінің ұлы екені туралы ақпаратты Шымкент қаласының прокуратурасы жоққа шығарды.

Гүл сатушыны ұрған бұзақының қасындағы екінші адам Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары екені анықталды. Ол қызмет орнында қатаң сөгіс алды.