Гвинеядағы стадионда жаппай төбелес болып, ондаған адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Гвинеяның оңтүстік-шығысындағы Нзерекор қаласында футбол матчында жанкүйерлер арасында жаппай төбелес шығып, ондаған адам қаза тапты. Бұл туралы Report агенттігі AFP-ға сілтеме жасап хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, оқиғаға төрешінің қызыл қағаз көрсетіп, кейін командалардың біріне пенальти белгілеген даулы шешімдері себеп болған, содан кейін жанкүйерлер төбелесіп кеткен.
Оларды ажырату үшін полиция көзден жас ағызатын газ қолданған. Одан қашуға тырысқан жанкүйерлер стадионнан сыртқа қарай асығып, шығаберістерде кептеліс пайда болды. Көбісі тұншығып немесе сыртқа шықпақ болған кезде стадион қабырғаларынан құлап көз жұмған.
Құрбандардың дәл санын айту әзірге қиын, Мәйіттерді толық анықтау жұмыстары жүргізілуде, делінген хабарда.
– Ол жерде жүздеген өлі дене бар. Кейбіреулер дәліздерде және еденде жатыр. Мәйітхана толып кетті, – деді дәрігерлердің бірі AFP агенттігіне.