Халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Сөз өнерінің сәулеткері. Осындай атаумен Ақтөбе қаласында ақын, аудармашы, драматург, Қазақстанның Халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы баспасөз қызметі мәлім етті.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Басқарма төрағасының орынбасарлары – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Қалибекұлы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет, ақын, аудармашы, Фатих Сұлтан Йылмаз (Түрік елінен), ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мейірхан Ақдәулетұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Өтеген Жақыпов мен Қ.Шаңғытбаевтың қызы Гауһар Қуандыққызы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Бауыржан Құрманқұлов қатысып, қаламгердің өнегелі өмір жолына тағзым етті.
Кеш барысында сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, өрелі ойы мен нәзік сезімін көркем тілмен кестелеген ақынның шығармашылық еңбегіне кеңірек тоқталды.
Ақынның қаламынан туған, Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен жарық көрген «Ар» кітабы, сонымен қатар «Жыр жаһаны», «Махаббат пен ғадауат» секілді жинақтары қазақ оқырманының жүрегіне жол тапты. Әсіресе оның лирикалық өлеңдері – адам жанын терең толқытып, сырлы сезімге бөлейтін туындылар.
Қуандық Шаңғытбаев драматургия саласында да елеулі із қалдырды. Оның «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!» пьесалары республикалық театр сахналарында қойылып, көрермендердің ықыласына бөленді. Ал классикалық шығармаларды қазақ тіліне тәржімалауы – ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейтіп, қазақ оқырманын әлемдік мәдени мұрамен қауыштырған қадам болды.
Ол орыс және Батыс Еуропа әдебиетінің таңдаулы үлгілерін, Омар Хайям рубаиларын, А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын, Р.Бернс өлеңдері мен комедияларын қазақша сөйлетіп, қазақ аударма өнерін үлкен белеске көтерді.
– Биылғы 100 жылдық мерейтой – халқымыздың асыл перзентін ұлықтап, шығармашылық мұрасын қайта жаңғыртып, жас буынға таныстыруға үлкен мүмкіндік. Қуандық Шаңғытбаевтың жарқын бейнесі мен өшпес мұрасы – ұрпақ жүрегінде мәңгі жасай бермек! - деді Мереке Әбдешұлы.
Кеш барысында шақырылған қонақтар ақынның шығармашылық қырлары жайында тың деректерді ортаға салып, естеліктерін бөлісті. Сондай-ақ, Қ.Шаңғытбаевтың жүрекке жақын жырлары оқылып, оның өлеңдеріне жазылған әсем әндері шырқалды.
Бұл кеш қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасын дәріптеп қана қоймай, жас буынға рухани бағдар беріп, ұлттық мәдениетімізді кеңінен насихаттауға ықпал етті.
Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қуандық Шаңғытбаев 1925 жылы 21 наурызда Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ ауданында өмірге келген. Биыл ақынның туғанына 100 жыл толды. Kazinform тілшісі Қуандық Шаңғытбаевтың қызы Гауһар Шаңғытбаевамен тілдесіп, әке туралы естелігін жазып алды.
Айта кетейік, БҚО-да Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар мәресіне жетті.
Қостанайда Міржақып Дулатұлының мерейтойына арналған ат марафоны басталды.