Халықаралық экспедицияның Қызылордаға сапары аяқталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – «Еуразия жүрегіне саяхат» атты халықаралық туристік экспедицияның Қызылорда облысына сапары сәтті қорытындыланды.

Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасынан хабарлағандай, қонақтар Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданына табан тіреді.

Ғарыш зымырандарының ұшу алаңы мен тарихи музейді аралады. Жеңістің 80 жылдығына орай Байқоңыр қаласындағы Тағзым алаңына барып, мәңгілік алау жанына гүл шоқтарын қойды.
– Сапар әрі қарай Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешенінде жалғасты. Мұнда туристерді ұлттық киімдегі өнерпаздар қарсы алып, арнайы әзірленген дәмнен ауыз тигізді. Қонақтар кешен ішіндегі Қорқыт мұражайын аралап, ұлтымыздың тарихи-мәдени құндылықтарымен жақын танысты, - делінген хабарламада.

Қызылорда қаласындағы сапары кезінде экспедиция мүшелері алдымен қаладағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде болды. Туристер ұлттық тағамдардан дәм татып, нысанның архитектуралық ерекшелігін, жұмысын көрді. Сонымен қатар қайта жаңғыртылған кешеннің жаңа кейпін тамашалады.
– Одан кейін экспедиция мүшелері жақында ғана пайдалануға берілген облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды. Ондағы бай жәдігерлер мен археологиялық олжалар шетелдік туристердің қызығушылығын туғызды. Олар Сыр өңірінің ежелгі тарихы және мәдениетімен тереңірек танысып, қазақ халқының бай мұрасына тәнті болды. «Анаға тағзым» орталығына аялдап, Батырхан Шүкенов атындағы саябақта достық ағашын отырғызды. Бұл сапар шетелдік саяхатшылар үшін тек танымдық маңызы бар шара ғана емес, сондай-ақ қазақ халқының рухани байлығы мен мәдениетінен сыр шерткен тағылымды кездесуге айналды, - делінген хабарламада.

Экспедиция құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан елдерінің 100-ден астам өкілі болды.
Бұған дейін меймандар Арал ауданына барып, көрнекі орындарды тамашалаған болатын.
Қызылордада «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» тақырыбында форум өтті.
