Халықаралық олимпиадаға қатысқан әрбір екінші оқушы жүлдегер болды — Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — 2024-2025 оқу жылында Қазақстан оқушылары халықаралық олимпиадаларда 362 медаль жеңіп алды.

қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда 563 медаль жеңіп алды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Нұрмұханова айтты.

— 2024-2025 оқу жылының ең басты жетістіктерінің бірі — халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші қазақстандық оқушының елге жүлдемен оралуы. Ұлттық құрама қоржынында — 362 медаль, оның ішінде 41 алтын бар. Бұл — Қазақстан білім сапасының халықаралық деңгейде жоғары бағалануының айқын дәлелі. Аталған оқу жылында 40 пайыздан астам оқушы республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік шараларға қатысты, — деді ол.

Ресми өкілдің дерегінше, оның ішінде Қазақстан оқушылары Азия және әлемдік олимпиадаларда білімдерімен ерекше дараланып, беделді марапаттарға ие болды. Олар лингвистикадан — «Ең үздік қатысушы», физикадан — «Ең үздік қатысушы қыз бала», химиядан — «Ең үздік практик», информатикадан — «Ең үздік информатик» атанды. Химия пәнінен ең беделді халықаралық олимпиадада — екі дүркін, First Global Challenge робототехника чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы болды.

— Бұл министрлік тарапынан білім сапасын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нақты нәтижелілігі мен тиімділігін көрсетеді. Бұдан бөлек, Қазақстан — олимпиада жүлдегерлерін қаржылай ынталандыру жүйесін енгізген бірден бір ел. 2024 жылы халықаралық беделді олимпиадаларда топ жарған 26 оқушыға және оларды дайындаған педагогтерге ақшалай сыйақы берілді, — деді Мереке Нұрмұханова.

Осыған дейін қазақстандық жас химиктер Менделеев олимпиадасында 11 медаль жеңіп алғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар