Халықтар мен мәдениеттерді байланыстырған журналист: Ринат Досымовтың есімі кітапхана бөліміне берілді
АСТАНА.KAZINFORM — Елордада Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана бөлімдерінің бірі енді журналист, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы болған Ринат Досымовтың атымен аталады.
Көпшілік бұл шешім қаламы арқылы халықтар мен мәдениеттерді, идеяларды біріктірген журналистің еңбегін бағалау, есімін дәріптеу екенін айтады.
Ринат Досымов 2025 жылдың 15 тамызында дүниеден озған еді. Ол өмірден өткен соң бір жылға жуық уақыттан кейін, есімі Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхананың поляк бөліміне берілді. Іс-шараға қатысушылар журналистің бастамалары түрлі жобалар арқылы әлі де жалғасып жатқанын бірнеше қайтара айтты.
Журналистің атын кітапхана бөліміне беруге арналған жиынға әрқилы салада қызмет ететін ондаған адам жиналды. Оның әріптестері, достары, этномәдени ұйымдар өкілдері, қоғам қайраткерлері және журналиспен бірлескен жобаларды атқарған азаматтар бір залда бас қосты. Олардың бірі Ринат Досымов жайлы естеліктерін бөліссе, өзгелері оның кәсіби және қоғамдық өміріндегі елеулі еңбектері жөнінде сөз қозғады.
Жиында алғашқыларды бірі болып, Астанадағы Польша елшілігінің өкілдері сөз алды.
— Біздің мемлекет қайраткері, Сенаттың алғашқы маршалы Анджей Стельмаховский әрдайым шығыстағы поляктарды қолдауға айрықша көңіл бөлетін. Біз бұл миссияны бүгін де жалғастырып келеміз. Отаннан жырақта поляк мәдениетін сақтау — зор әрі үздіксіз еңбек. Осындай талпыныстардың арқасында мәдениет және дәстүр одан әрі өмір сүреді, — деді олар.
Сонымен қатар, поляк елшілігінің өкілдері Ринат Досымовтың аталған мақсатта жұмыс істеп, ауқымды жобалардың бел ортасында жүргенін атап өтті.
— Үлкен дүниелерді жасауға идеялар, ынта мен еңбек керек. Ринатта мұндай қасиет болатын. Біз оны поляк тілін тез меңгеріп, қызметіне өзін, өмірін толық арнаған адам ретінде еске аламыз, — деді олар.
Осы бағыттағы естелікті Kazinform агенттігінің коммерциялық қызметінің бас маманы Қаламқас Әбуова жалғастырды.
— Ең бастысы, бүгін ол ел есінде. Ринаттың есімі осындай іс-шараларда айтылады, ал ісі әлі де жалғасып жатыр. Демек, оның мәдени бастамалар мен кітапхана кеңістігіне қосқан үлесі, шын мәнінде, маңызды болғаны, — деді ол.
Сонымен қатар, Қаламқас Әбуова Ринат Досымовтың Kazinform агенттігінде он жылдан астам уақыт шығарушы редактор болып істеген қызметіне тоқталды.
— Ринат ауысымда болғанда, ешқандай олқылық кетпейтініне әрдайым сенімді жүретінбіз. Кез-келген шешімді өз бетімен қабылдай алатын немесе талқылаудан кейін ең дұрыс шешімді таңдай білетін. Өте сауатты болды, тарихты жақсы білді, әр сөзге жауапкершілікпен қарады. Оның алдынан өтетін әр материал түрленіп шыға келетін. Агенттікте жұмыс істеген қаншама жылдың ішінде Ринат қызметінде бірде-бір рет сүрінген емес. Ол жоғары деңгейдегі кәсіби маман, ең бастысы өз жұмысын шын жақсы көретін адам болды, — деді Қаламқас Әбуова.
Сонымен бірге, Ринат Досымовтың журналистік қызметінен бөлек, қаламгерлік қыры да бар еді. Әртүрлі тілдердегі сөздерді қолданып, өлеңдер жазды. Әсіресе, поляк тіліне деген ықыласы өзгеше болатын.
«Бала кезінен өнер адамы болды»
Журналистің ағасы Марат Досымовты да әңгімеге тарттық. Оның сөзінше, Ринаттың шығармашылыққа бейімдігі, өнерге махаббаты кішкентай кезінен байқалған.
— Ол бала кезінен шығармашылық адамы болды. Көп сурет салатын, ән шырқайтын. Ауыл жұрты үшін мәдени іс-шаралар ұйымдастыратын. Сол кездің өзінде көпшілікті айналасына үйіріп, қарапайым идеяларды елеулі оқиғаларға айналдыра білетін, — дейді журналистің ағасы.
Оның сөзінше, Ринат өмір бойы осы қалпынан танбады.
— Идеялары сарқылмай, үнемі жаңа бастамаларды қолға алып жүретін. Өзінің ісін уайымдап, соңына дейін жеткізуге тырысатын. Өмірінің соңында өлеңдерін полякша жаза бастады. Жырлары оның жан дүниесі болатын, сол арқылы сөз киесін сезінді, — деді Марат Досымов.
«Өмірін кітап, адамдарға және идеяға арнады»
Көкшетаудағы поляк жастар мәдени орталығының бұрынғы басшысы Татьяна Бахалович те естеліктерін бөлісті. Ол Ринат Досымовпен 2005 жылы танысып, кейін ұзақ жыл бойы шығармашылық әріптестікте болған.
— Ринатпен 2005 жылы танысып, бірге жұмыс істей бастадық. Ол біздің шығармашылық бастамаларымызға атсалысатын. Ән айтуды жаны сүйді. Дуэт пен топтар ұйымдастырды. Ашық-жарқын мінезімен, шаршамас-талмас қайратымен тез сіңісіп, әрдайым жұмысқа «қойып кететін», — деді Татьяна Бахалович.
Журналист Астанаға кеткеннен кейін де кәсіби және шығармашылық байланыс үзілмеген.
— Елордаға қоныс аударса да, байланыста болып, бірлескен жобаларды ақылдасып, атқардық. Көп жыл бойы бір шығармашылық ортада болдық, — деді Татьяна Бахалович.
Сонымен қатар, оның сөзінше, Ринаттың ғұмырында кітаптар және шығармашылық орта елеулі орын алған. Журналист осы құндылықтармен өмір сүріп, мәдени үдерістерден бір күнге де ажырамаған. Сапарда не кездесуде әлдекім кітап сыйласа, балаша қуанып, үйіндегі кітапханасын байыта берген. Оның ізі бірнеше мәдени кеңістікте қалды.
— Ол поляк мәдениетіне ғана емес, татар және неміс мәдени орталарына да еңбек сіңірді. Өзі «мен бәріне жетемін» дейтін. Өмір жолы, расында да, осы сөзіне лайық болды. Мейірімді әрі ашық-жарқын адам еді, –деді Татьяна Бахалович.
Сонымен бірге, ол көпұлтты ортада өсіп, қалыптасқан Ринаттың барлық ұлт өкілі мен мәдениетті сыйлағанын атап өтті.
Өлмес еңбек, сөнбес есім
Бүгінде Ринат Досымовтың аты берілген кітапхана бөлімі — оның есімін сақтайтын ғана емес, сондай-ақ, қызметі мен шығармашылығын одан әрі жалғастыратын орын.
Ринат кәсіби журналист, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін табанды азамат және түрлі халықтардың мәдениетін байланыстыратын шығармашылық иесі ретінде ел есінде қалды.
Ісіне жан-тәнімен адал берілген тұлға өзі дүниеден өтсе де, бастамалары мен идеялары өмір сүре беретіні анық.
Айта кетейік, бұған дейін де Ринат Досымов туралы жазғанбыз. Ол түрлі басылымдарда журналист, шолушы, арнайы жоба жетекшісі, редактор болып жұмыс істеді. Журналистикада шамамен 20 жыл еңбек етті, оның елеулі бөлігі Kazinform агенттігінде өтті. Жоғары кәсібилігі, ұқыптылығы және мінсіз жауапкершілігі, қызметіне деген адалдығы үлгі тұтарлық еді.