Халықты су тасқынынан қорғай алмадық, менің де кінәм бар – Әділ Жұбанов

Әділ Жұбанов
Фото: Ә. Жұбановтың жеке мұрағатынан

АТЫРАУ. KAZINFORM – Еліміздің бірнеше өңіріне тасқын судан қауіп төнді. Әсіресе, Ресейден бастау алатын Жайық өзенінен төнетін су тасқынының қаупі әлі де сақталып отыр. Осыған байланысты Атырау және Батыс Қазақстан облысының аумағында өзенге жақын орналасқан елді мекендерді қорғау үшін бөгет салынып жатыр. Осы жұмыспен танысып жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановпен әңгімелескен едік.

– Әділ Орынбасарұлы, бірнеше күннен бері Жайық жағалауындағы бөгетті бекіту жұмысымен таныстыңыз. Су тасқынына қарсы дайындық қалай жүріп жатыр? 

– Қазір Жайық өзенінің жағалауында жаңадан бөгет салу, бұрынғысын нығайту шаралары күні-түні жүріп жатыр. Атырау облысында аз күнде 100 шақырымнан астам бөгет тұрғызылды. Бұл – оңай атқарылатын шаруа емес. Батыс Қазақстан облысында да осындай жұмыс қолға алынды. Екі облыста да жергілікті тұрғындар бөгет салуға бір кісідей жұмылған.

Су тасқыны – айтып келмейтін табиғи апат. Оның қаупі кезең-кезеңімен болып тұрады. Мәселен, Жайық өзені 1993-1994 жылдары арнасынан асып-тасыды. Кейбір ауылдарды жартылай су басты. Жалпы, барлық өзеннің табиғи арнасы бар. Тасқын судан қорғану үшін осыған мән беру керек. Бірақ, сол кездегі тасқынның салдарынан сабақ алмадық. Жайықтың суы жайылатын аумақ тұрғын үй құрылысына, басқа да мақсаттарға берілген. Мысалы, 1994 жылы Орынбор облысындағы су деңгейі 8 метр 10 см болған. Ал биыл су бұл деңгейден асып кетті. Биыл Орынборда қардың қалың жауғанын ескерсек, Жайық өзеніне келетін тасқын судың мөлшері өте көп болуы мүмкін. Мұны ғалымдар, өзге де мамандар есептеп, ескеріп отырған болар.

Бір-екі күн бұрын Батыс Қазақстан облысына барып, Жайық өзеніндегі су деңгейін бақылап келдім. Сол өңірдегі Янтарцев ауылының тұрғындарымен кездестім. Олар биыл Жайықтың суы 8 шақырымға дейін жайылғанын айтып отыр. Бірақ, бұл – Орынбор өңірінен келген су емес.

Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен Атырау мен Батыс Қазақстан облысына адам ресурсы да, арнайы техникалар да жіберілді. Еліміздің әр өңірінен еріктілер, әскери қызметшілер келіп жатыр. Мақсат – екі өңірдегі елді мекендерді, Орал мен Атырау қаласын тасқын судан қорғап қалу.

Әділ Жұбанов
Фото: Ә. Жұбановтың жеке мұрағатынан

– Жақында Құлсары қаласын тасқын су басты. Енді оның зардабын жою кезінде нені ескеру керек?

– Табиғи апаттың зардабы болатыны даусыз. Су тасқынының бірнеше себебі бар.

Біріншіден, мұны су айдындарының арнасы басталатын өңірге қардың көп мөлшерде жаууымен байланыстыру керек. Биыл елімізде күн ерте жылынып, қар тез еріді. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Жем өзені бастау алатын Ақтөбе облысына қар қандай мөлшерде түскені ескерілуі керек еді. Жем өзенімен келетін судың мөлшерін білу үшін Ақтөбеге барып-келу, сол өңірдегі мамандармен кеңесу қиын шаруа емес қой.

Екіншіден, Ақтөбе өңіріндегі су тасқыны ескерілмеді. Сол өңірдегі мол су Ойыл, Сағыз, Жем өзендерімен Атырау облысына келетінін болжау аса қиын емес. Бұл өзендермен келген судың ағысын бәсеңдету үшін табиғи арналарға, сай-жыраларға шығатын жолын ертерек ашуға болмай ма?

Осындай мәселелер ескерілгенде, Құлсары қаласын тасқын судан қорғап қалуға болатын еді. Демек, адами фактордың әсері бар болуы мүмкін. Осыған байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына Құлсарыдағы су тасқынына заң аясында құқықтық баға беру, себебіне тексеру жүргізу туралы хат жолдаймын.

Ал, тасқын судың зардабын жою мәселесіне тоқталсақ, осыған байланысты Үкіметтің жасақтаған арнайы алгоритмі бар. Соған сәйкес, қазір зардап шеккен әр отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік төлем беріліп жатыр. Дегенмен, ескеретін бірнеше мәселе бар.

Біріншіден, тасқын судың салдарынан эпидемиологиялық ахуалды асқындырмау мәселесіне баса назар аударылуы қажет. Өйткені, Құлсарыда сасық иіс шығатыны айтылып отыр. Сасық иіс қайдан, неден шықты? Ит пен малдың өлексесі ме? Әлде әр үйдегі тоңазытқышта тұрып қалған азық-түлік шіріді ме? Тасқын судан мал өлекселерін көметін қорым ашылып қалды ма? Зиратты да су шайды. Даладағы қоқыс та, малдың өлексесі де ағып келген болуы мүмкін. Тасқыннан өлген мал да бар. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігі осындай түйткілді мәселеге назар аударуы керек.

Екіншіден, зардап шеккен отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты ұсыныс бар. Өйткені, мен құрылысшы ретінде бұл мәселені жете білемін. Мәселен, үйін су басқан отбасыларға 22 млн теңгеден беру мәселесі қозғалып отыр. Бірақ, Атырау облысында, оның ішінде Құлсарыда дәл осы қаржыға жаңадан жеке тұрғын үй салу мүмкін емес. Неге? Өйткені, бұл өңірде құрылыс материалдары тапшы. Мәселен, Атырау облысында бетонның бір текше метрі 50 мың теңге тұрады. Ал, Алматыда сол бетон 18 мың, Ақтөбеде 20 мың теңге тұрады. Атырауда қиыршық тас, цемент, басқа да материалдар жоқ. Кірпіш қажетті мөлшерде шығарылмайды. Осындай құрылыс материалдарын өзге өңірлерден тасымалдау құны қымбат болғандықтан, мұның өзі шығынға батырады. Сол себептен, бұл мәселені тезірек талқылап, оңтайлы шешім қабылдаған жөн.

Үшіншіден, су басқан тұрғын үй үшін өтемақы берілетін болса, бұл қаржыны есептеудің алгоритмі болуы керек. Өйткені, бәрінің үйінің шаршы метрі бірдей емес. Бірінің үйінің аумағы 40 шаршы метр, ал екіншісінің баспанасы 300 шаршы метр болуы мүмкін. Сондықтан, өтемақы берілетін болса, тұрғын үйдің әр шаршы метріне берілетін қаржы 300 мың теңгеден кем болмауға тиіс. Сонда әділетті шешім болады.

Төртіншіден, бүлінген тұрғын үйлерді жөндеу, немесе жаңадан салу жұмысын кешеуілдетпей, ертерек бастаған жөн. Себебі, қажетті қаржыны есептеу, бөлу, тендер өткізу секілді мәселелерді өткізудің өзіндік процедурасы бар. Зардап шеккен отбасыларды алдағы жаз маусымын пайдаланып, күзгі суық түскенге дейін жаңа баспанамен қамтып үлгеруіміз қажет.

Әділ Жұбанов
Фото: Ә. Жұбановтың жеке мұрағатынан

– Бұл жұмыстарды жеделдету үшін не істеу қажет? 

– Салалық министрлер Құлсарыға әлі келген жоқ. Мысалы, Өнеркәсіп және құрылыс министрі осында неге келмейді? Құлсарыда құрылыс жүргізу Астанадағы кабинетте шешетін мәселе емес. Бұл үшін жергілікті тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, құрылыс материалдарын жеткізу мәселесіне көңіл аудару қажет.

– Жайық өзеніндегі қазіргі ахуал қандай?

– Шындығын айтқанда, Жайықтың жағдайы әлі де күрделі болып тұр. Батыс Қазақстан облысының аумағына Орынбордағы су қоймасынан су әлі келген жоқ. Сонда да Жайық өзеніндегі су деңгейі едеуір көтерілді. Демек, Жайық өзенінен жағалауға жақын орналасқан елді мекендерге төнетін қауіп әлі бар. Судың екпіні қатты, көлемі көп. Мысалы, 1994 жылы Ирекли су қоймасынан Жайыққа жіберілген судың ағысы секундына 1300 текше метр болған. Ал, биыл екі аптаға жуық судың ағыны секундына 2 мыңнан астам текше метрге жетті.

Қазір судың көлемі азайғанымен, алдағы уақытта қайтадан көбеюі мүмкін. Сондықтан, 5 жасар баладан 90-нан асқан қарияға дейін жағада бөгет салуға атсалысып жүр. Жұмыстың бәрі халықтың күшімен атқарылып жатыр. Халықтың сол ниетіне орай елді мекендерді тасқын су баспаса екен деймін.

Ең бастысы, тасқын судың қаупінен сабақ алуымыз керек. Мен мұны қарапайым тұрғындарға емес, жергілікті атқарушы билікке, Үкіметке қатысты айтып отырмын. Үкімет осындай жағдайда абдырап қалмау үшін әр министрліктің атқаратын міндеті туралы алгоритм дайындауы қажет. Өйткені, су тасқыны көп кемшіліктің, осал тұсымыздың бетін ашып берді. Ең қиыны, біз халықты тасқын судан қорғай алмадық. Бұған заң шығарушы органның өкілі ретінде менің де кінәм бар. Мен жауапкершілікті арқалаудан қашпаймын.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Жайық өзені маңындағы саяжай тұрғындарына көшу ұсынылғанын хабарлаған едік.

Кейін Атырауда Жайық жағасындағы Аспа елді мекенінің 86 тұрғыны көшірілетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар