Халықты су тасқынынан қорғайтын жол карталары неге орындалмады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су тасқынының алдын алу шаралары толық нәтиже бермегенін сынға алды. Басты себептердің бірі ретінде тиісті қаржыландырудың болмауы айтылды.
«Елді мекендерде уақытша бөгендер салу және үйемелеу, арықтарды, каналдарды, авто және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту нақты жүзеге асырылды. Елді мекендерден 10,5 миллион текше метрден астам қар шығарылды. Бірақ, жыл сайынғы тәжірибе көрсеткендей бұл жеткіліксіз», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Соңғы үш жылдағы статистикаға сәйкес, қабылданған алдын алу шараларына қарамастан, жыл сайын Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының елді мекендерін су басуда.
«2017 жылдан бастап әр үш жыл сайын жол карталары бекітілді. Оларды іске асыру ішінара тиімділігін көрсетті. Олардың орындалуын талдау іс-шаралардың көп бөлігі орындалмағанын және келесі жол картасына ауыстырылғанын көрсетті. Мұның себебі – барлық көзделген шараларды тиісті қаржыландырудың болмауы. Жекелеген іс-шаралар тек жергілікті орындарда күшейтілді», - деді министр.
Нәтижесінде, соңғы жол картасы тек 58%-ке іске асырылған және 92 іс-шара орындалмаған.
«Кейде жобалардың қымбаттауына байланысты жекелеген іс-шараларды іске асыру үшін қаржы қаражаты жеткіліксіз болды. Оларды қосымша қаржыландыруға көп уақыт кетеді. Осыған байланысты жергілікті деңгейде әкімдіктердің тиісті құзыреті мен тетігі бар су тасқынына қарсы іс-шараларды 100% қаржыландыруды жоспарлау қажет», - деді ТЖ министрі.
Бұған дейін Шыңғыс Әрінов көктемде еліміздің 10 өңірінде су тасқыны қаупі болжанып отырғанын айтқан еді.