Халықтың егемендік рухын көтерген Республика күні
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстанның егемендігі мен мемлекеттілігінің бастауы - Республика күні.
1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы кеңесте бірнеше сағатқа созылған ұзақ айтыс-тартыстан кейін халқымыздың тәуелсіздікке ұмтылысын заңды түрде бекітіп, жаңа мемлекет құрудың саяси-құқықтық негізін қалаған «Мемлекеттік егемендік туралы» декларация қабылданды.

Республика күні алғаш рет 1995 жылдың қазан айында Ұлттық мереке ретінде жарияланды. Ал 2001 жылы Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.
2022 жылғы 16 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, қыркүйекте бұл бастама заңнамалық деңгейде бекітілді.
Сенатор Наурызбай Байқадамовтың пайымынша, 1990 жылғы 25 қазан - Қазақстан тарихында күнтізбедегі дата ғана емес, тұтас бір тарихи дәуірдің басталған күні. Сол күні қабылданған егемендік туралы декларация мемлекетіміздің тәуелсіздікке бағытталған құқықтық әрі саяси алғашқы қадамы болды.
- Егемендік декларациясынан кейінгі кезеңде Қазақстан саяси байыптылық пен парасаттылық саясатын ұстанды. Тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасу кезең-кезеңімен жүзеге асты, яғни декларация жаңа мемлекеттің тұғырын бекіткен құжат саналады. Оның концептуалдық құрылымы бүгінгі конституциялық нормалардың негізін құрайтыны да белгілі, - деді ол.

Оның айтуынша, осы декларацияның арқасында, ең алдымен Қазақ КСР өз аумағында толық, дербес және үстем билікке ие мемлекет ретінде жарияланды. Екіншіден, декларацияда алғаш рет жер, жер қойнауы, су және табиғи ресурстар Қазақстан халқының айрықша меншігі ретінде танылып, бұл қағидат, елдің экономикалық егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігінің негізі ретінде бекітілді. Үшіншіден, мемлекеттік рәміздерімізге құқықтық иелік етуге қол жеткізді. Бұл мәдени және саяси болмысымыздың мойындалуы болды. Төртіншіден, халықаралық аренаға шығу мүмкіндігін алды, яғни Қазақстан өз бетінше сыртқы экономикалық саясатын анықтау құқығын иеленді. Бұл еліміздің әлемдік қауымдастықта толыққанды мүше болу жолын ашты.
Осы орайда Конституциялық сот төрағасының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты Бақыт Нұрмұханов әлем мемлекеттерінің тәуелсіздік алу жолын 3 топқа жіктеп, еліміздің шартты түрде егемендікке бейбіт жолмен жеткенін айтты.
- Жалпы, әлем картасын қарасақ, ондағы 200-ден астам мемлекеттің әрқайсысының тәуелсіздік жолында жүріп өткен өзіндік тарихы бар екенін көреміз. Бір елдер бұл мақсатқа қырғын, сұрапыл соғыстардың арқасында қол жеткізсе, келесі мемлекеттерде төңкеріс орын алды. Ал үшінші топқа жататын халықаралық қауымдастық мүшелерінде мұндай үрдістер шартты түрде бейбіт жолдармен өтті. Қазақстанды үшінші топтағы мемлекеттердің қатарына жатқызуға болады, - деді ол.

Ғалымның пайымынша, өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына қарай елімізде дербес мемлекеттіліктің белгілері пісіп-жетіле бастаған.
- Тұтастай алып қарасақ, бұл кезеңдегі оқиғалар бір-бірімен өте тығыз байланысты. 1990 жылы сәуір айында елімізде алғаш рет Президент институты енгізіліп, республика Президенті сайланды. Осы жылдың соңына қарай, қазан айында «Мемлекеттік егемендік туралы» декларация қабылданды. Бұл декларацияда болашақ тәуелсіздікке қажетті саяси, құқықтық негіздер қаланды. Онда мемлекетіміздің егемендігі жарияланып, әрбір елдің дербес мемлекеттік белгілерін құрайтын институттар айқындалды. Азаматтық, егемендік рәміздері, бюджет, биліктің тармақтарға бөлінуі, құқық қорғау, қарулы күштер, республиканың өзінің дербес халықаралық құқық субъектілігі және тағы басқа белгілер болды. Бұл құжаттың қабылдануы халықтың азаттыққа деген еңсесін, рухын көтерді. Бұл процеске қайтарылмайтын сипат берді, - деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Оның атап өтуінше, бұл декларацияда алғаш рет Конституция мен заңдарымыздың үстемдігі баянды етілді. Кейіннен декларация «Тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңмен бірлесіп, еліміздің Ата заңын қабылдауға, басқа да маңызды заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеуге негіз қалады.

Конституция преамбуласын өзгерту қажет
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, Ұлттық заң академиясының академигі Ақылбек Исабековтың пайымынша, Ата заңымыздың преамбуласының «байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып» деген сөз тіркесімен басталуы көптеген ғасыр бойы қызмет етіп келе жатқан қазақ мемлекеттілігінің сабақтастығын дәл анықтауға мүмкіндік бермейді.
- Өйткені, біріншіден, «құру» деген термин - «жасау», «өзгерту», орысша айтқанда «созидание» деген мағына береді. Дәйексөз логикасына сүйене отырып қарасақ та бұл сөз тіркесі қалыптастырады немесе мемлекеттілікті құру үшін қандай да бір негізді бастауға алатынын көрсетпейді. Екіншіден, «байырғы қазақ жерінде» деген тіркес қазақ мемлекеттілігінің ғасырлар бойы даму тарихының сабақтастығын бекітпейді, - деді ғалым.

Осы орайда ол Өзбекстан мен Армения Конституцияларынан нықты мысалдар келтірді. Мәселен, Өзбекстан Конституциясының преамбуласы «біздің мемлекеттігімізді дамытудың 3 мыңнан астам тарихи тәжірибесіне, сондай-ақ әлемдік өркениетке баға жетпес үлес қосқан ұлы ата-бабалардың ғылыми, мәдени және рухани мұрасына сүйене отырып» деп басталады. Ал Арменияның Ата заңында «Тәуелсіздік декларациясында бекітілген жалпыұлттық мақсаттарға сүйене отырып, егеменді мемлекетті қалпына келтіру туралы бостандықты сүйетін ата-баларымыздың қасиетті келісімін жүзеге асырамыз» делінген.
- Ал «байырғы қазақ жерінде» деу ұлттық мүддемізді ашпайды. Біз бірден пайда болған ұлт емеспіз. Үш мың жылдық тарихымыз бар. Бауырлас өзбек халқы үш мың жылдық тарихымыз бар деп отырғанда преамбуламыздағы «байырғы қазақ жерінде» деген тіркес Ата заңымыздың мәнін де, мазмұнын да ашпайды деп есептейміз. Сондықтан Конституциямыздағы «байырғы қазақ жерінде» деген тіркесті «Қазақ мемлекеттілігінің мың жылдық дәстүрлерін жалғастыра отырып» немесе Қазақ мемлекеттілігінің сан мың жылдық дәстүрлерін жалғастыра отырып» деп өзгертуді ұсынамыз, - деді Ақылбек Исабеков.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезең елдің саяси ғана емес, рухани өмірін де өзгертті. Сол жылдары дүниеге келген сәбилерге ата-аналары ел тағдырымен сабақтас, мәні терең есімдер берді. Мәселен, елімізде Қазақстан есімді 28 азамат бар. Ал Егемен есімді азамат өзінің атын елге деген құрметінің көрінісі санайды.