Халық тілегі – тыныштық пен бейбітшілік

Осы оқиғаға қатысты саясат пен қоғам қайраткерлері пікірлерін білдіріп жатыр. Соның ішінде «Айқын» республикалық газетінде жарық көрген бірқатар пікірлерді жариялауды жөн көрдік.
***
Халық тілегі - тыныштық пен бейбітшілік
Біздің елде бүлікке орын жоқ
Виталий ХМЕЛЕВСКИЙ, Қарағанды облысы «Полынья» поляк орталығының төрағасы:
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өте маңызды мәлімдеме жасады. Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаларға байланысты 9 маусым Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Ассамблея мүшелерінің атынан, қарағандылықтардың атынан оққа ұшып, көз жұмған азаматтардың отба¬сыларына қайғырып көңіл айта¬мыз. Мұндай оқиға тәуелсіз Қазақстан тарихында болып көрген емес. Бұл ешкімді бей-жай қалдыр¬майды. Ту сырттан сұғылған қанжар секілді осындай бейбіт өмірде, бірлігі мығым мемлекетте, қасиетті Рамазан айының алдында қыл¬мыс жасауға қолы барған жастардың бар екендігіне сене алар емеспіз.
Біз бірлігімізден айырылмай, тұтас¬тығымызды сақтап қалатын сын сәтте тұрмыз. Мұндай басқыншы бүліктерге біздің қоғамда орын жоқ. Қазақ жерінде орын жоқ. Біз осындай фактілерге қарсы тұруымыз қажет. Қазір экономика, саясат тұрғысынан болсын қиын кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Дегенмен мемлекеттің тәуелсіздігін қолдан беруге жол бермейміз.
________________________________________
Жандар КӘРІБАЕВ, қоғам қайраткері:
Жұртқа керегі - тыныштық
- Елбасы бүгінгі күнді Жалпыұлттық аза тұту күн деп жариялап отыр. Ақтөбедегі жағдай тәуелсіздігімізге, Конституциялық құқымызға деген қауіп тудырды. Кезінде Президентіміз «Қазақ¬стан - 2050» қалыптасқан Қазақстанның саяси бағытының 7-тармағында: «Экстремизм мен тер-роризм ешқандай идеяға негіз¬делмейді, ол қылмыстық идея» деген еді. Расында, мұндай террорлық әрекеттердің артында үлкен сыртқы күштер тұр. Қазір осы Ақтө¬бедегі оқиға қайталанбас үшін көп жұмыс жасап, іс-әрекеттеріміз бір арнаға жұмылуы керек. Халық бұл жағдайды құптап отырған жоқ. Террорлық әрекеттердің елдің дамуына келтірер зияны мен залалын да сезінуде. Халықтың сұрайтыны да сол - террористерге аяусыз жаза қолдану керек. Бізге керегі тыны¬ш¬тық! Өйткені ислам деген сөздің өзі бейбітшілік, ынтымақ деген сөз емес пе?
________________________________________
Гүлнәр АННАҚҰЛИЕВА, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Түркіменстан мәдени орталығының төрайымы:
Құқық қорғаушыларға алғысымыз шексіз
- Қазір менің есіме «Сұрашы, қоңырау кімге соғылып тұр? Қоңырау саған соғылды» деген сөздер түсіп тұр. Бұл - Эрнест Хемингуэйдің сөзі. Расында, біз Парижде, Еуропаның басқа елдерінде жарылыстар болып жатқан кезде жағамызды ұстадық, енді сондай жағдайлар біздің елімізде де болды. Бұл - өте қиын жағдай. Ел тыныштығын қорғау жолында қаза тапқандардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз, сол үшін бүгінгі күнді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жалпыұлттық аза тұту күні деп белгіледі. Біздің тыныштығымызды сақтап өз жұмыстарын жоғары кәсіби деңгейде атқарып жүрген құқық қорғау органдарына ризашылығымызды білдіреміз. Шын мәнінде, тыныштық біздің еліміздегі ең басты мәселе болып келді, әлі де солай бола береді деген сенімдемін. Біз, Елбасы айтып кеткендей, бейбітшілікті, достықты, бірлік-берекені бірлесіп, біртұтас болып сақтауымыз керек. Мұндай жағдайлар бұдан былай елімізде болмасын. Өкінішке қарай, терроризм деген жаһандық проблемаға айналып отыр. Біздің планетамыз кішкентай ғана, сондықтан біз бір-бірімізге тәуелдіміз. Бүкіл әлем халықтары бірлесіп терроризмге қарсы күресіп жатқанда, біз де соған қосылуымыз керек. Еліміздің әлеуетін көтеріп, халықтың жағдайын бұдан да жақсартсақ, сырттан келетін қауіптерге жол берілмейді, терроризмге шақырып, бастайтын адамдарға ешкім мойын бұрмас еді деп ойлаймын. Қазіргі кезде ораза айы, әлем тынышталып, қалпына келіп өзіміздің салтымызды, дәстүрімізді жалғастырып бейбітшілікте өмір сүрсек деп Алладан тыныштық тілейміз.
________________________________________
Абилфас ХАМЕДОВ, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі,«Тұран» әзірбайжан мәдени орталығының төрағасы:
Қазақстан - достықтың университеті
- 9 маусым Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Біз аза тұту күнінде бүкіл халық болып болған оқиғаға бірге қайғырып, барлық қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтамыз. Әрине, елімізде 6 маусым күні болған оқиғаны барлығымыз теріс қылық ретінде қабылдаймыз. Бұл оқиғаның зардабын шеккен ана ұлынсыз, қарындасы ағасыз, балалар әкесіз қалып отыр. Бұл өте қайғылы жайт. Қазіргі кезде Елбасы бұл оқиғаға қалай көңіл бөліп, бақылап отырғанын, құқық қорғау органдарының дер кезінде мән беріп, қалай жұмыс істегенін көріп отырмыз. Олар қажетті кезде қажетті орыннан табылды. Әрине, бұл оразаның бірінші күні, 5 маусым күнгі террористік акт төбеден жай түскендей етті. Бірақ біз әрқашан бірліктеміз, Қазақстан достықтың университеті екендігін бүкіл әлем біледі, бізден үлгі алады. Біз депортация жасалғандардың балаларымыз, 1935 жылы менің ата-анам Оңтүстік Қазақстан облысына депортациямен келген. Біз осы жерде туып-өстік, сондықтан Отанымыздың біртұтастығын қалаймыз. Соңғы 25 жыл тәуелдігімізді, қауіпсіздігімізді сақтап келдік. Біздің патриоттығымыз, рухымыз бір. Сондықтан Қазақстан біртұтас, бірлікте бола береді деп сенемін.
________________________________________
Назым МҰҚАНОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техника факультетінің магистранты:
Өмірдің мәні - оқу-білімде
- Мен жаңа ғана үлкен өмірді бастаған жас ұрпақ өкілімін. «Ақтөбеде террористік оқиға болып, бейбіт адамдар өліпті» деген ақпаратты алғаш рет әлеуметтік желіден оқып, кейбір бейнетаспаларды көргенімде қатты шошындым. Шошынғаным, өмірі мұндай зұлымдықты көрген емеспін. Ал небәрі 19 жастағы жас жігіт - жауынгердің қарақшылар қолынан қаза тапқанын естігенде тіпті қатты қиналдым. Қандай қиын, қандай ауыр!.. Бұған қоса, лаңкестер арасында ағайындылар да, жастар да бар екен. Сондықтан мен жастар - құрбыларыма қоғамға жат әрекеттерден аулақ болыңдар, өмірдің мәні - оқу-білімде дегім келеді. Ал бүгін студент достарыммен бірге Ақтөбеде террористер қолынан қаза болған адамдарды еске алып, олардың ата-аналарына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Барша қазақстандықтарға береке-бірлік, тонның ішкі бауындай ынтымақ тілеймін!
________________________________________
Кеңес ҚОСЫБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары:
Халықты бірлік пен сақтыққа шақырамыз
- Сүттей ұйып отырған елімізге бүліншілік салып, ел арасында алауыздық туғызып, халықты үрейге, қорқынышқа бөлеген экстремистік топтардың Ақтөбе қаласында жасаған істері - адам баласының ешуақытта ойына кіріп шықпаған нәрсе. Егемен Қазақстан 130-дан астам ұлт пен ұлысты біріктіріп отыр. Биылғы егемендігіміздің 25 жылдығы қарсаңында осыңдай үлкен қолайсыз істердің болғаны біз үшін үлкен сын. Кеше Ақтөбеде жиырмадан астам адам тектен-текке өмірлерін қиды. Бұл біздің елімізде, ортамызда теріс пиғылда жүрген жандардың барын көрсетті. Бұл тек бір-екі адамның емес, бірнеше топтың ісі. Осыны білмеуіміз, бұлардың артында кімдерін барын білмеуіміз, әрине, бізге де сын. Біздің атқарушы органдарымызға, құқық қорғау органдарына сын деп есептеймін. Елбасымыздың 9 маусымды Жалпыұлттық қаралы күн деп жариялауын бәріміз құптаймыз. Кешегі оқиғада қыршын жастар өмірден өтті. Отбасылары қайғы жұтып қалды. Бұл - ұлттың қайғысы. Ақтөбеліктерге қайғыларына ортақтығымызды білдіреміз. Елімізде тыныштық болғанын қалаймыз. Дәстүрлі емес діни топтардың мұндай істерінен ештеңе шықпайды. Қазіргі күні еліміздің құқық қорғау органдары мен атқарушы органдар тарапынан ұйымдасқан түрде алдын алу шаралары жүргізілуде. Сондықтан қазіргі күні халықты бірлікке, сақтыққа шақырамыз. Бәріміз бүгінгідей күнде Елбасының артына топтасып, осыңдай қиын кездерде еліміздің тыныштығы мен береке бірлігі үшін жақсылап жұмыс істеуіміз керек. Бүгінде Ақтөбеде болған оқиғаның зардабы халыққа тиіп жатыр. Бұл оқиға туралы үлкен де, кіші де пікірлерін айтып, елдің тыныштығы мен бірлігі туралы айтып, жастарды дәстүрлі емес діндерден ада болуға үндеуде. Әрбір отбасында тәрбиеге мән беруі керек. Мәңгілік ел болу үшін жалпы идеологияға басымдық беруіміз керек. Осындай шаралардың нәтижесінде еліміздің тұрақтылығы бекем болып, өркендей беретініне сенеміз.
________________________________________
Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Қандай жағдайда да Елбасының жанынан табыламыз
- 5 маусым күні Ақтөбе қаласында болған лаңкестік әрекеттерді өңірдегі ардагерлер қатты сынға алып, айып¬тайды. Айлардың сұлтаны Рамазан айының қарсаңында Ислам дінін жамылып қоқан-лоққы жасаған аза¬мат-тардың әрекеті ешқандай адам¬гершілікке жатпайды. Бұл - қатігездік. Ел бірлігі, ынтымағы жарасқан за¬манда, бейбіт күннің тыныштығын сақтау баршамызға міндет. Рас, бүгінде терроризм әлемді шарлап жүр. Сондықтан ендігі жағдайда ел ішіндегі тұрақтылық пен ынтымақты сақтау мақсатында түсінік жұмыстарын ширатуымыз да керек. Біз Елбасының төңірегінде топтасып, бейбіт күннің миссияларын жалғастыруымыз керек. Қауіпсіздік шараларын күшейтіп, террорлық әрекеттерге барған азамат-тарға жазаны қатайтамыз.
________________________________________
Бекболат САНСЫЗБАЙ, Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы драма театрының директоры:
Тұрақтылығымыз шайқалмасын!
- Халық үшін, елі үшін шейіт болған боздақтарды біз аза тұтуымыз керек. Айрандай ұйып отырған қазақ елінде бірлікті, татулықты аңсайтын халық үшін өте ауыр оқиға болды. Мен адам ретінде, осы елдің азаматы ретінде қатты қапалымын. Қазақтың мәдениеті, дәстүрі өте бай. Біздің мемлекетте лаңкестік жасайтын адамдарға орын жоқ. Біз оларға тойтарыс беруіміз керек. Ел болып бірігіп, олардың тұрақтылы¬ғымызды шайқауына жол бермейміз.
Қасиетті Ораза айының алдында жасалған бұл қадам лаңкестердің дінді бетперде қылып, ел ішіне іріткі салуды көздегенінің айғағы. Мен жазықсыз адамдарға қару кезеп, өлім құштырған лаңкестерге қатаң жаза тағайындалуы қажет деп есептеймін. Елбасымыз айтқандай, Отан іргесін шайқалтуға тырысқан лаңкестермен аяусыз күресу керек.
________________________________________
Татьяна КУЗИНА, «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
Басты мәселе - ішкі тұрақтылық
- Әр мемлекет үшін тұрғындардың қауіпсіздігі мен ішкі тұрақтылығы - басты мәселе. Өкінішке қарай, Ақтөбедегі оқиға бәрімізді есеңгіретіп тастады. Бейбіт елімізде осындай жағдайдың болғанына, арыстай азаматтарымыздан қапыда айырылып қалғанымызға қабырғамыз қайысты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен құқық қорғау органдары мамандарының дер кезінде әрекет етуінің нәтижесінде елдегі жағдай тұрақталды. 40 күндік террорлық қауіптің сары деңгейі белгіленіп, тұрғындарға барынша сақ болуы қажет екені айтылды. Бұл ретте террорлық әрекеттермен күрестің оңтайлы жолы оларды аяусыз жаншып, тамырына балта шабу екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Бірлік пен қауіпсіздік жолындағы қатаң шаралар ғана бізді қайғылы жағдайлардан сақтайды. Елбасының «біз кез келген сипаттағы экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыруымыз керек» деген ойын құптаймын. Енді осы бағытта ауқымды жұмыс атқару қажет.
________________________________________
Батыржан МАНСҰРОВ, Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы:
Шын мұсылманның ойы игі
- Кешегі еліміздің Ақтөбе қаласында болған оқиғаның мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айының қарсаңында болуы қасиетті айға кір жағуы, бұл сол оқиға себепкер болғандардың дұрыс бағытта еместігінің айғағы. Өйткені қасиетті Рамазан айы - сабыр айы, рақым айы. Ақтөбеде болған оқиға шынайы діннің,ислам дінінің мақсаттарынан емес. Ислам діні - бейбітшілік діні. Құранда кісі өлтіру үлкен күнә деп жазылған. Исламда өзгеге жаманшылық ойлауға, кінәрат тағуға, тіпті өзгеге жаман ой ойлауға тыйым салынған. Сондықтан Исламның атын жамылып, осындай бұзақы әрекет жасау Ислам дінінің мақсаттарынан емес. Мұсылманның қаруы - дұғасы. Сондықтан мұсылман адам өзгеге жақсылық, ойлауы керек. Жақсы ниетте болуы, жақсы дұғада болуы керек. Сол дұғаның қайырымы болады. Біз қару алып біреумен соғысып, біреуге зиян тигізетін заманда емес, ең алдымен өзімізді тәрбиелейтін қоғамнанбыз. Әр мұсылман өзгеге зиян тигізбей, өз нәпсісін тыюмен күресуі керек, өзінен-өзі есеп алуы тиіс. Кешегі болып жатқан оқиғаға себепкерлер өздерінің жат ағымда екендіктерін айғақтады. Өйткені олар қасиетті Рамазан айы қарсаңында, халық тарауих намазын асыға күткен уақытта өз бауырларына қару қолданып, жазықсыз адамдары өлтірді. Кешегі оқиға туғандары қайтыс болған отбасылардың қайғысына ортақтастығымызды білдіріп көңіл айтамыз. Осы қасиетті айда бәріміз сабыр, елдің тыныштығы мен берекесін тілеп дұға жасайық. Жаратқаннан дұға тілесек, бәрі жақсы болады.
________________________________________
Айбек АТАШЕВ, «Шапағат» орталығы директорының орынбасары, теолог:
Жауыздыққа қарсы заң күшті болуы керек
- Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде халқымыздың қауіпсіздігі мен еліміздің тұтастығы үшін бәріне де дайын екенімізді көрсететін кез келді деп орынды атап өтті.
Елдің тұтастығын сақтау тек құқық қорғау немес әскери қызметкерлердің ғана емес, әрбір қазақстандықтардың қасиетті парызы. Осындай жауапты кезеңде біз аса қырағы, сақ болуымыз керек. Діннің атын жамылып, лаңкестердің жазықсыз адам өлтіруіне және біздің бейбіт өмірімізді талқандауына еш мүмкіндік бермеуіміз қажет. Лаңкестердің мұсылман үшін ең қасиетті Рамазан айы басталғанда қанды қылмыс жасауы дін олар үшін тек бетперде екенін айғақтап берді. Егер олар шын мұсылман баласы болғанда, мұндай әрекетке бармас еді. Құдайға құлшылық жасап, ораза тұтып, дұға-тілектерін тілеп, ізгі амалдарды жасап отырған мұсылманға қастандық жасаулары арқылы лаңкестер өздеріне еш аяушылық болмауын тілеп алды. Дінді негізге алып, қару алғандарды еш аяусыз жазаға бұйыру арқылы Елбасы халықтың амандығын, елдің тұтастығын берік те тұрақты етуге маңыз бергені деп білеміз.
Террормен күрестің бірден-бір жолы оларды аяусыз шаншып, тамырына балта шабу екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл тұрғыда Елбасының мұндай қылмыстарға қатысты заңнамаларды өзгертіп, оны қатаң ете түсуіміз керек деген пікірін қолдаймыз.
Елімізде дәстүрлі дінімізді насихаттауға басымдық берілген үстіне беріліп, жастарды өзге жат ағымдардан аулақ ету үшін бірігіп жұмыс істеуміз керек. Сонда ғана еліміздің тұрақтылығы берік болып, Мәңгілік ел атанып, дініміз мен тіліміз салтанат құрып, берекелі де өркениетті елдер қатарында нық тұрарымыз айқын.
________________________________________
Александр СМИРНОВ, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Суоми» финн-карел мәдени орталығының төрағасы:
Ел тыныштығын бұзуға жол бермейміз
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 9 маусымды Ақтөбедегі террористік оқиға кезінде халқымыздың тыныштығы үшін қаза болған азаматтарды Аза тұту күні деп жариялауы өте орынды шешім болды. Біз бірлігімізді осындай жауапты кездерде көрсетуіміз керек. Бүгін Қазақстанның бүкіл халқы терроризмге қарсы күресте көз жұмған арыстарын аза тұтуда. Бұл қазақстандықтардың қиын сәттерде бір жұдырыққа жұмылып, елге төнген қауіпті бірлесіп тойтаруға қабілетті екендігін көрсетеді. Елдің бірлігін, тұтастығын сақтауға, сырттан келетін қауіптерге тойтарыс беру тек құқық қорғау органдарының ғана еншісінде емес, оған бүкіл халық болып атсалысуы керек. Өйткені терроризм бүгінде әлемді жайлап, жаһандық сипат алды. Ақтөбеде болған оқиғаға діннің ешқандай қатысы болмауы керек. Өйткені олар ораза айының бірінші күні осындай лаңкестік әрекетке барып отыр. Біз, Қазақстан халқы елдің тұтастығын, бірлігін сақтай отырып, мемлекетіміздің тыныштығын бұзуға жол бермейміз.
________________________________________
Ахметжан ШАРДИНОВ, ҚХА мүшесі, Алматы көпір құрылғылары зауыты директорлар кеңесінің төрағасы:
Қайғыны бөліссе, азаяды
- Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі ретінде мен барша ақтөбеліктерді сабырға шақырамын. Себебі, «сабыр түбі сары алтын». Лаңкестердің қолынан шейіт болған азамат¬тардың отбасына қатты қайғыра отырып, көңіл айтамын. Ақтөбедегі террористік іс-әрекет - айуандық шабуыл, бұл бүгінгі күні барша қазақстандықтардың қасіретіне айналып отыр. Әрбір аймақтағы тұрғындар Ақтөбе оқиғасының тезірек сейіліп, қала халқының еш қайғы-мұңсыз тірлікке араласуын тілейді. Мен телеарналар мен баспасөз беттерінде жарияланған ел-жұрттың пікірінен осыны аңғарамын. «Қайғыны бөліссе азаяды» деген бар халқымызда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, міне, осы тәмсілді ескере отырып бүгінгі күнді «Аза тұту» күні ретінде жариялап отыр. Бұл - өте орынды. Өйткені біз, қазақстандықтар, Ақтөбеде болған оқиға салдарынан беймезгіл қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып қана қоймай, олармен мәңгі бірге екенімізді білдіруміз керек. «Аза тұту» күнінің қалыптасқан мәні мен маңызы да міне, осында! Ал құқық қорғау органдары оларды тез арада құрықтап, әділетті заң алдында қатаң түрде жазалауы тиіс! Мұндай жазадан арам, жат пиғылда жүрген өзге де адамдар терең сабақ алуы қажет!
________________________________________
Жанат СЕЙДУМАНОВ, Ұлттық кітапхана директоры:
Халық жауыздықты айыптайды
- Ежелден тату-тәтті достықты мұрат етіп, осы бір асыл ниетті ұрпағына үлгі-өнеге, өсиет тұтқан халқымыз үшін терроризм ғана емес, арам пиғылдағы кез-келген әрекет жат. Ақтөбеде болған қанқұйлы оқиғадан соң еліміздің зиялы қауымынан бастап, билік басындағылардың, Парламент мүшелерінің, қарапайым тұрғындардың лаңкестерді айыптап, оларға лағнет айтып, пікір білдіруінің өзі терроризмнің тәуелсіз Қазақ елі үшін мүлде жат дүние екенін көрсетеді. Олай болса, барлығымыз жұдырықтай жұмылып, лаңкестік деген пәлеге ешқашан жол бермеуіміз керек. Себебі, оның залалы қарапайым халыққа тиіп отыр. Зиялы қауым өкілі ретінде мен де ойда жоқта опат болған марқұмдардың барлығының отбасына, ата-аналарына қайғыра отырып, көңіл айтамын. Мұндай лаңкестік әрекет біздің ұлттық кітапхананың ұжымы да террористерге бірауыздан лағнет айтуда. Ал бүгін бүкіл ұжым Аза тұту күніне қатысып, марқұм болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алады. Қолға түскен және іздеуде жүрген лаңкестерді құқық қорғау органдары дереу құрықтап, оларды елімізде қолданып жүрген заңның ең ауыр әрі қатал бабы бойынша жазаға тартса екен деймін.
________________________________________
Асылы ОСМАН, ҚХА мүшесі:
Тас түскен жеріне ауыр
- Тышқанның тұмсығын қанатып көрмеген қазақ халқы үшін террористік іс-әрекет - адам төзуге болмайтын айуандық әрекет. Бейбіт тұрғындардың берекесін кетіріп, оларды оққа ұшырып, жер жастандырған, адамдықтан безген мұндай лаңкестердің біздің елімізде бұдан былай өмір сүруге құқы жоқ. Өйткені олар күйеуін әйелінен, баласын анасынан, ұл-қыздарын аяулы әкелерінен айырды. Марқұм болғандардың соңында ата-аналары мен туған-туыстары аңырап қалды. Сондықтан барша қазақстандықтар, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тұрғындар оларға қайғыра отырып көңіл айтуда. Террористік іс-әрекетті қатаң айыптап, құқық қорғау органдарынан адамдықтан безген қаскөйлерді заң алдында барынша қатаң жазалауды талап етеміз. Мұндай қайғылы оқиға кім кімнің де ашу-ызасын тудыратыны ақиқат. «Бір - ел, бір - мемлекет» қағидасы бойынша өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтар ертең Елбасының шешімі бойынша Аза тұту күнін өткізіп, марқұм болған азаматтардың отбасыларына, туған-туыстарына көңіл айтып, салауат тілейді.Ең бастысы, Аза тұту күні еліміздің әрбір аймағында тірлік кешіп жатқан барша тұрғындарды ынтымаққа үндейтіні ақиқат. «Тас түскен жеріне ауыр» деп халқымыз айтатындай, мұндай-қайғы-қасіретті бірлесіп көтерсек жеңілдей түседі. Өмірден бақилыққа озған азаматтардың жандары жәннатта болсын!
________________________________________
Салтанат ШАЙДАРОВА, Қарағанды қаласындағы №4 емхана директоры:
Біртұтас отбасымызды қадірлейік
- Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев Ақтөбе қаласында болған лаңкестік әрекетке байланысты маңызды мәлім¬деме жасады. 9 маусым - Жалпыхалықтық аза тұту күні болып белгіленді.
Бұл оқыс оқиға қазақстандықтарды есеңгіретіп тастады. Қазақстан - бір-тұтас отбасы. Біз осындай сын сағатта бірлігімізден айнымай, басқыншы әркеттерге қарсы тұруымыз қажет. Қоғам болып Елбасымыздың жанынан табылып, Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен тыныштықты ту еткен идеясын негізге ала отырып, топтасу¬ы¬мыз керек. Қазақ¬стандықтар - әлемдегі бейбітшілікті қалайтын халық. Еліміз¬дің әл-ауқаты жақсарып, Қазақстанды жайлап алған бүлікшіл ұйымдардан арылуға бәріміз бірге атсалысайық.
Мемлекеттік аза тұту күнінде ойын сауық-шаралары тоқтатылып, көк ту төмен түсіріледі. Жазықсыз шейіт болған боздақтар ел үшін опат болды. Біз оларды келешек ұрпаққа өз елінің батыры ретінде таныстыратын боламыз. Ал дінді жамылып, ел ішіне ойран салған лаңкестер, Елбасымыз айтқандай, қатаң жауапкершілікке тартылсын. Олар түбірімен жойылып, бейбітшілікті асқақтата берейік.
________________________________________
Халық тілегі - тыныштық пен бейбітшілік
09.06.2016
Айқын-ақпарат
159
Ішкі тұрақтылық - басты құндылық
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты:
- Елбасының Жарлығымен жария етілген Жалпыұлттық аза тұту күні - әркімді қалың және ауыр ойға қалдырады. Аза тұту күнінің себебі мен салдарына үңілуіміз керек. Әрине, әрбір қазақстандық, әрбір ақыл-ойлы азаматтар ойланады. Себебі, әрбір мемлекетте азаматтардың қауіпсіздігі мен ішкі тұрақтылығы - ең басты құндылығы болып саналады. Егер ішкі тұрақтылық сақталмайтын болса, онда мемлекетке қауіп көп. Елбасы осы қауіпсіздік жағдайына баса назар аударып отырғандығы сондықтан. Дүниежүзінде астаң-кестең болып жатқан ел, қай құрлықта болсын, жан түршігерлік жағдайлар орын алып жатыр. Тіпті кей мемлекеттер өздерінің мемлекеттілігінен, құндылықтарынан айырылып тек жан сақтау үшін күн кешіп жатқанын көріп, біліп те жүрміз. Сондықтан ел ішіне іріткі салатын адамдарды қатаң жазаға тартып, айыптауымыз керек. Осы күні қазақстандықтардың бір-біріне деген сенімі артып, ынтымақтастығы ұлғая түседі деп ойлаймын. Жаза деген болады. Құдайдың өзі жазасын береді дейміз. Расында, бұл - адамның ісі емес, айуанның ісі.
________________________________________
Магомед ЛОРСАНОВ, «Вайнах» шешен-ингуш ЭМБ төрағасы:
Мұндай жағдай қайталанбаса екен
- Маңғыстаулықтар ақтөбелік ағайынның қайғыларына ортақ. Қасиетті Рамазан айына санаулы сәттер қалған уақытта орын алған қасіретті жағдай баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Бұл бүкіл қоғамға түскен ауыр қасірет болды.
Радикалды топтар жұрт арасында лаң салуға тырысады. Енді мұндай жағдай ешбір жерде қайталанбаса екен деп тілейміз. Бейбіт күнде қолдарына қару алып, елдің берекесін кетірген, қан төккен қанпезерлер қолға түсіп, жазасын алады деген сенімдеміз. Егемен елімізден береке кетпесін, әрдайым тәуелсіздігіміз тұғырлы болса екен дейміз.
________________________________________
Жеңісгүл МҰХАМБЕТПАЙЫЗОВА, облыстық мәслихат хатшысы:
Халық сабырынан танған жоқ
- 5 маусым күні болған оқиға тек қала, облыс үшін ғана емес, ел, ұлт үшін үлкен қайғы әкеліп, күйзеліске түсіріп тұр. Бейбіт күні бейбіт адамдардың өміріне балта шауып, бірнеше отбасын орны толмас өкінішке душар еткендерді қанішерлер, қаскөйлер деп ойлаймын. Бұл күндері біз өз қайғымызбен жалғыз қалған жоқпыз. Еліміздің әр өңірі көңіл айтып, ортақтасты. Қолдау да білдірді. Сонымен қатар халық сабырлылықтан айырылмады, төзімді болды. Берекетсіздікке бой алдырған жоқпыз. Соның арқасында бір күннен соң әлеуметтік нысандар жұмысқа кірісіп, оқу орындары күнделікті сабағын жалғастырды. Ал Аза тұту күні тыныштықты күзету жолында мерт болған бауырларымызды, замандастарымызды мәңгі есте сақтап, жадымызды ұстауға бағытталып отыр. Біз қайғыға ортақтасып, көңіл айтамыз!
________________________________________
Мария ФАТЕЕВА, Қарағанды облысы 52859 әскери бөлімінің аналар кеңесінің төрайымы:
Төнген қауіптен бірлесіп шығамыз
- Ақтөбеде болған оқиғалар қазақстандықтардың барлығын терең толғандыруда. Егер осы оқиғаларға бейжай қарайтын болсақ, біз 25 жылда қол жеткізген бірлігіміз бен тәуелсіздігімізді жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Қазақтарда патриотизм ананың сүтімен дариды деген даналық сөз бар. Біз осы патриотизм рухын жоғалтып алсақ, осы құбылыстың алдын алып, дер кезінде тойтарыс бермесек, өзіміз үшін өте қастерлі, қадірлі - балалар бейбіт аспанды, аналар тыныштықтан айырылып қаламыз. Мен сарбаздың анасы ретінде Отан қорғауға аттанған әр азамат бейбіт күнде шейіт болмаса екен, үйіне аман-есен оралса екен деп тілеймін.
Маған лаңкестердің осы сәтті таңдап алуы кездейсоқ емес секілді көрінеді. Бұл - жаңадан әскерге алынған сарбаздар ант қабылдауға дайындалып, ал бұрын келгендер отбасына оралуға қамданып отырған кез. Лаңкестер осы сәтті әдейі таңдап алған секілді. Әскери бөлімдегі мерекелік көңіл күйді пайдала¬нып, ойран-топанын шығаруды көздеген.
Мен қарағандылықтардың атынан Ақтөбе халқына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Ақтөбелік дәрігерлер жараланғандардың ішінде төрт лаңкестің бар екендігін айтып отыр. Біз жарақат алғандардың ішінде Ұлттық Гвардия сарбаздары мен қарапайым тұрғындар болмаса екен, оққа ұшпаса екен деп тілейміз.
Қазақстан халықтары ассамблеясы мүшелері Қазақстан халқының басына төнген қауіптен бірлесіп шығуды қалаймыз. Отанымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын.
________________________________________
Любовь НИ, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, мемлекеттік республикалық корей театрының жетекшісі:
Ұрпақ болашағы бейбіт болуға тиіс
- Мемлекет басшысы 9 маусымды республика бойынша Аза тұту күні ретінде жариялады. Біз Ақтөбедегі террорлық акт құрбандарының туған-туыстарымен, жақындарымен, отбсыларымен біргеміз! Бүгін бүкіл қазақстандықтар біздің тыныштығымызды қорғау жолында қаза болған отандастарымыздың қазасына қайғырып, аза тұтуда. Жалпы терроризм деген - өте қорқынышты ұғым, қазіргі кезде бүкіл әлем халқы терроризмге қарсы күресуде. Біз, қазақстан¬дықтар, еліміздің тыныштығы мен тұтастығына қауіп төндіретін лаңкестік әрекеттерге тұтастай ел болып қарсы тұруымыз керек, сонда ғана оның жолын бөгеп тосқауыл бола аламыз. Мен болайын, басқа біреу болсын, өзіміз өмір сүріп жатқан жерімізде тыныштық болуын қалайтынымыз белгілі. Ана ретінде бірінші ойлайтыным, балаларымның, немерелерімнің болашағы, заманы тыныш болса екен деп тілеймін. Біз тәуел¬сіздігімізді алғанымызға 25 жыл болды, осы уақытта біз өзіміздің бостанды¬ғымызға, қауіпсіздігімізге, демократияға қол жеткіздік. Ең бастысы, біз өсіп-жетілдік.
________________________________________
Фарида МҰҚАШЕВА, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі жанындағы «Мейірім» келіндер тобының жетекшісі:
Барлық сынақта біргеміз
- Лаңкестердің ең қасиетті ай - Рамазан айы қарсаңында қылмыс жасауы дін олар үшін тек бетперде екенін айқын көрсетіп берді. Егер олар шын мәнінде, жүрегінде иманы бар адамдар болса, Құдайға құлшылық етіп, ораза тұтып, ең ізгі амалдарды орындар еді. Сондықтан діннің атын жамылған мұндай қорқауларға еш аяушылық болмауы керек. Мен Елбасының «қолына қару алып, кісі өлтірген адам ең жоғары жазаға кесілуі қажет» деген пікірімен толықтай келісемін. Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі сәтте еліміз үшін аса маңызды мәлімдеме, орынды шешім жасады. Жалпыұлттық аза тұту күні біз ерлікпен қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтамыз. Бұл шара лаңкестерге қарсы шайқаста мерт болған боздақтарымыз бен жазықсыз қайтыс болған бейбіт тұрғындардың есімдері ел жадында мәңгі сақталатынын аңғартады. Бұл халқымыздың қуанышта да, қайғыда да тұтас, бірлігі бекем ел екенін көрсетеді.
________________________________________
Вячеслав КИМ, Алматы қаласының тұрғыны:
Өрімдей жастар өмір сүруге тиіс
- Мен кейінгі толқын жас ұрпақтың өкілімін. Біз, жастар, елімізде бейбітшілік пен ынтымақ, береке болғанын қалаймыз. Себебі, біздің алдымызда Елбасы қойған орасан зор міндеттер бар. Сол ұлан-ғайыр іс-шараларды жастар жүзеге асыруы керек. Сондықтан алматылық жастар адам өліміне әкеп соғатын террористік іс-әрекеттердің кез келген түрін саналы түрде айыптаймыз. Себебі, терроризм біздің ұғымызға жат. Мысалы, Ақтөбеде болған террористік әрекеттің салдарынан өрімдей жас жігіттер де оққа ұшты. Мысалы, Оңтүстік облысынан әскерге шақырылған 19 жастағы жауынгер жігіттің өлімі мені қатты толғандырды. Террористер не деген қатыгез айуандар! Бұлай айтпасқа амалым жоқ. Өйткені қаным қайнап, ашу-ызам келіп тұр. Меніңше, адамдықтан безген мұндай лаңкестердің жазасы - өлім. Сондықтан оларды қатаң жазалау керек. Ертең Елбасы шешімімен Аза тұту күні біздер - жастар да бейбіт өмірде террористердің қолынан көз жұмған аға буын өкілдері мен өрімдей жастарды бір минут үнсіздікпен еске аламыз. Ал марқұм болған азаматтардың туған-туыстары мен ағайын-бауырларының барлығын сабырлылыққа шақыра отырып, қайғырып көңіл айтамын.
________________________________________
Семен РАКОВ, Қарағанды облысы «Казачья вольница» қоғамдық ұйымының өкілі:
Тыныштық сақталуына үлес қосайық
- Кеше Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде болған қайғылы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. Қазақстанда 9 маусым аза тұту күні болып жарияланды. Президентіміз бен Бас Прокуратура төтенше оқиғаның тексеру барысын баса назарда ұстап отыр. Біз, қазақстандықтар, бұрынғыдан да жұмыла бірігіп, Мемлекет басшысының жанына ұйысуымыз қажет. Шығыстағы, Украинадағы көршілерімізде болып жатқан қантөгістер Қазақстанда қайталанбауы үшін әр қазақстандық елдегі бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуына үлес қосуы қажет деп есептеймін.
Лаңкестердің, қылмыскелердің, бандиттердің қолынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтамын. Қылмыскерлер мен лаңкестер ешқандай ұлтқа бөлінбейді. Олар үшін қасиетті қазақ жерінде орын жоқ. Біз бейбітшілікті қалаймыз.
________________________________________
Данияр ЖҰМАБАЕВ, Жамбыл облыстық Һибаттула Тарази мешітінің бас имамы:
Ислам - тыныштықты уағыздайтын дін
- Ақтөбе қаласында болған діни лаңкестікте жат ойды жамылған азаматтардың іс-әрекеті бүгінгі күні кімді де үлкен сарсаңға салды. Жаға ұстар жағымсыз оқиға жұрттың әбігерін туғызды. Осы оқиғаға орай Қазақстан Діни басқармасының бас мүфтиі бастап, аймақтағы барлық өкілдіктер мәліметтерін жасады. Бұл жағдайды мүлдем қолдамайтындығымызды жеткіздік. Бұл дінге жат тірлік. Әрине, ел ішіндегі діни сауатсыздықтан, дәстүрлі дінімізді дұрыс насихаттамаудан осындай келеңсіздіктер кейде бой көтеріп жатады. Бірақ Исламда жазықсыздан-жазықсыз адам өмірін қию, оны құрбан ету - үлкен күнә. Құранда, тіпті нақты аятта айтылған, «Мұсылманның мұсылманға қол жұмсап, қан төгілсе - оның жазасы тек Тозақ» деген. Сондықтан бұл үлкен күнә. Қаншама отбасы ойран болды. Жас балалар жетім қалды. Біз осындай келеңсіздіктердің тіпті әлемнің еш жерінде болмауын Құдай Тағаладан сұраймыз. Елде тыныштық бұзылса, халықтың ортасына іріткі кіреді. Ал Ислам бейбітшілікті, тыныштықты уағыздайтын дін. Рас, болған жағдайға жүрегіміз ауырады. Қасиетті Рамазан айында осындай келеңсіздіктің орын алғанына қынжыламыз. Қамығамыз. Біз осы Қасиетті Рамазан айында бар арман-мұраттарымыз орындалса екен деп тілек етеміз. Лайым, елімізде тыныштық болғай!
________________________________________
Юсуф ШАХШАЕВ, «Халық Келісімі» ҚБ төрағасы:
Тілмен де зиян тигізуге болмайды
- Ақтөбедегі оқиғада қаза тапқан ағайынның отбасына қайғырып көңіл айтамын, Алла Тағала сабырлық берсін. Ислам - тек бейбітшіліктің діні. Біз қолымызбен емес, тіпті тілімізбен де бір адамға зиян тигізбеуіміз керек.
Бұл күнгі арнайы жасақтың қызметін атап өткім келеді. Олар дер кезінде жұмылып, өз міндеттерін адал атқарды.
Ақтөбе өңірінің халқына айтарым: бекем болыңыздар, сабыр сақтаңыздар. Әрине, жақы¬ныңды, бауырыңды жоғалту қиын. Қайғыларыңызға ортақпыз.
________________________________________
Айхан БЕКБОЛАТОВА, Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының жетекшісі:
Әлемдік проблемамен ел болып күресейік
- Бүгін Елбасының 9 маусым жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялағанын бүкіл қазақстандықтар естіді. Біз халық ретінде, ана ретінде Елбасының бұл шешімін қолдаймыз. Елге қорған болып, қапыда қаза тапқан адамдардың отбасыларына жын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Ақтөбедегі оқиғаға ана ретінде жанымыз түршікті. Біздің жастарымыз бір-біріне оқ атып, бейбіт өмір кезінде қырып тастады дегенді ешқашан естімеген едік. Біз ынтымағы, бірлігі жарасқан ел едік, қазір бүкіл әлем басқаша болып өзгерді. Қазіргі кезде осындай әлемдік проблемамен бүкіл ел болып күресуіміз керек. Мемлекет басшысының 9 маусымды Ақтө¬бедегі оқиға кезінде қаза болған азаматтарды Аза тұту күні деп белгілегені өте дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Қаза тапқан азаматтардың аналарына, отбасына, жақын туыстарына бүкіл халық болып көңіл айтып, қайғысына ортақтасып жатыр. Осының өзі халқымыздың бірлікте екендігін аңғартады.
________________________________________
Әшім ҚАЛИ, спорт шебері:
Білімді адам жауыздыққа бармайды
- Жұрт аман, ел тыныш кезде әскерилер мен бейбіт тұрғындар қаза болды. Біз бейбітшілік пен татулықты бұзып, елге іріткі салушыларға қарсы¬мыз. Бұл бір адамның емес, қоғамның қарсылығы деп түсінген абзал. Алдағы уақытта оқиғаның себебін шынайы зерттеп, зерделеп, салдарын жою жұмыстарын қолға алуымыз қажет. Менің ойымша, бұл - білімсіздің ісі. Себебі, ойы мен ақылы бар қарапайым адам мұндай жауыз әрекетке бармайды, жол бермейді. Ал баласы, ағасы, атасы қаза болған отбасыға көңіл айтамыз. Еліміз Аза тұту күнін ер азаматтардың рухына арнайды.
________________________________________
Кньяз МИРЗОЕВ, ҚХА мүшесі, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті Шығыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі:
Ынтымақта ырыс бар
- Тәуелсіз Қазақстан халқы, міне, 25 жыл бойы тату-тәтті береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Алайда еліміздің береке-бірлігін бұзуға ниеттенген террористер де өздерінің қанқұйлы әрекеттері мен арамза ойларын жүзеге асыруға тырысуда. Мысалы, Ақтөбедегі айуандық оқиға осының нақты дәлелі. Береке-бірлік пен ынтымақ, жасұрпақтың бақытты болашағы жолында өмір сүруді қалайтын барша қазақстандықтар Ақтөбеде орын алған лаңкестік әрекеттерді қатаң айыптауда. Тұрғындар лаңкестерді аяусыз жазалауды құқық қорғау органдарынан талап етуде. Осы оқиғаға қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз үшін аса маңызды мәлімдеме жасап, 9 маусымды жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялады. Бұл өте орынды шешім! Өйткені Ақтөбе қаласында террористер жасаған бүліктің кесірінен бірнеше бейбіт адам көз жұмды. Ал Аза тұту күні бүкіл еліміз тұрғындары бейбіт күнде қаскөйлердің қолынан қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етіп, олардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Бұл - біріншіден. Екіншіден, құқық қорғау органдары қолға түскен лаңкестердің барлығын өте қатаң түрде жазалауы тиіс. Ауыр қылмыс жасап, ардан безген лаңкестерге қолданылған жаза БАҚ арқылы жариялануы қажет. Үшіншіден, Аза тұту күні көпұлтты Қазақстан халқын бұрынғыдан да топтастыра, ынтымақтастыра түсетіні ақиқат. Біздер терроризм атаулыға үзілді-кесілді қарсымыз. Өйткені аға буын өкілдерін өміріміздің жалғасы - жас ұрпақтың болашағы қатты алаңдатады. Сондықтан да береке-бірлігіміз бен ынтымағымызды арттыра берейік!
________________________________________
Элина ПАУЛИ, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты:
Жұдырықтай жұмылуымыз қажет
- Терроризм - бүкіл әлемді шарлап, дүниені дүрліктірген кесір. Ол ұлт, мемлекет пен шекараны таңдамайды. Әлемнің ең қуатты елдерінің өзі лаңкестік әрекеттердің құрбаны болып отыр. Бір кездері қарқынды дамып, жаһанды өзіне қаратқан кейбір мемлекеттердің бүгінгі халі мүшкіл. Бұл - ел ішінде бірлік пен тұтастық болмауының нәтижесі. Сол себепті, осындай қиын шақта біз ынтымақ¬тастығымызды нығайтып, бір жұдырықтай жұмылуымыз керек. Елдің тұтастығын сақтау - тек құқық қорғау органдары мамандары мен әскери қызметшілердің емес, әр қазақстандықтың қасиетті парызы. Бірлігіміз сыналар осындай тұста барынша қырағы болғанымыз абзал. Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде айтқандай, халқымыздың қауіпсіздігі мен еліміздің тұтастығы үшін біз бәріне де дайын екенімізді көрсететін кез келді. Ақтөбедегі атыс - тыныштық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіру мақсатында жасалған іс. Қалың көпшілікті жауыздардан аман сақтау үшін өз жандарын құрбан еткен азаматтар алдында біз мәңгілік қарыздармыз. Олардың отбасыларына көмек пен қолдау үзілмеуі керек.