Халықты эвакуациялау қажеттілігі жоқ – Даниал Ахметов ШҚО-дағы өрттер туралы

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ірі дала өрттері шыққан аудандарға барып, қазіргі жағдаймен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта өңірдің бірнеше ауданында ірі дала өрттерімен күрес жүріп жатыр. Атап айтқанда, қызыл жалын Алтай ауданында 700 гектарға, Күршім ауданында 300 гектарға, Глубокое ауданында 35 гектарға жайылған. Сол жерлерде өрт сөндірушілер, полицейлер, әскерилер, орманшылар мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері дамылсыз жұмыс істеуде.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов өрт болған аудандарға барып, қазіргі жағдаймен танысты. Оның айтуынша, өрт ошақтарына жақын орналасқан ауылдардан халықты эвакуациялау қажеттілігі жоқ.

«Бүгінгі таңда облыста өрт қауіптілігіне байланысты бесінші санатты күрделі жағдай қалыптасуда. Жақында ғана Зайсан ауданындағы өрт сөндірілген болатын. Алайда қазір үш ауданда оттың беті қайтпай жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда. Алтай ауданында өртті жою үшін МИ-8 тікұшақтары және АН-24 ұшағы іске қосылған. Тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ, оларды эвакуациялау жоспарланбаған. Барлық өңір тұрғындарына айтарым – қазір қауіпті өрт жағдайы ыстық ауа райымен күрделене түсуде. Сондықтан ашық жерлерде от жақпау және абай болу қажет. Жоғары жауапкершілік танытсақ, ауыр жағдайдың алдын алуға болады», - деді ШҚО әкімі.

Еске салсақ, Алтай ауданында 2 қыркүйек күні шыққан дала өрті 700 гектарға жайылып кетті.

Күршім ауданындағы ірі дала өртімен күрес бүгін үшінші күнге созылып отыр.

Ал Глубокое ауданында жалпы аумағы 35 гектарды құраған тілсіз жау 7 қыркүйек күні түнгі уақытта шықты.

Бүгін Глубокое ауданына өртпен күреске 200-ге жуық әскери қызметші жұмылдырылды.


Соңғы жаңалықтар