ХАМАС 10 израильдік тұтқынды босатуға келісті

АСТАНА. KAZINFORM – Палестиналық ХАМАС қозғалысы Дохада өткен консультациялар барысында Газа секторындағы 10 израильдік тұтқынды босатуға келіскенін хабарлады. Бұл туралы қозғалыстың Telegram-арнасында жарияланған ресми мәлімдемеде айтылды, деп жазады ТАСС.

ХАМАС 625 нафар фаластинлик асир эвазига 4 кишининг жасадни Исроилга топширди
Фото: Anadolu

– ХАМАС келіссөздердің сәтті аяқталуына мүдделі және осы мақсатта 10 тұтқынды босатуға келісім берді. Алайда бірқатар негізгі мәселелер бойынша кеңесу жалғасып жатыр. Атап айтқанда, бұл – Газаға гуманитарлық көмекті кіргізу, Израиль әскері анклавтан толық шығуы және атысты біржола тоқтату бойынша нақты кепілдіктер беру, – делінген мәлімдемеде.

ХАМАС Израильді келіссөздер кезінде қажетті икемділік танытпай отыр деп айыптады. Сонымен қатар қозғалыс өкілдері барлық кедергіні жою үшін делдалдармен жұмыс істеуді жалғастырып жатқанын атап өтті.

Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің мәлімдемесінде: «Газа мәселесі бойынша осы апта немесе келесі аптада келісімге келуге өте жақсы мүмкіндік бар» деп бағалаған болатын.

6 шілдеде ХАМАС пен Израиль Мысыр, Катар және АҚШ-тың делдалдығымен Дохада келіссөздер процесін қайта бастады. Оның мақсаты – Газа секторында атысты тоқтату және тұтқындарды босату туралы келісімге қол жеткізу. Израиль жағының соңғы деректеріне сәйкес, радикалдар анклавта 20 тірі тұтқынды және қаза тапқан 30 адамның мәйітін ұстап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Израиль мен ХАМАС Газадағы атысты тоқтату бойынша келісімге келе бастағанын жаздық.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Газа секторына 11 жүк көлігімен медициналық материалдар жеткізілгенін айтты.

Соңғы жаңалықтар