ХАМАС Газа секторындағы атысты тез арада тоқтату келісіміне қол жеткізгісі келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Жұма күні Катар астанасында Газа секторындағы атысты тоқтату туралы келіссөздердің жаңа кезеңі қайта басталды. Бұл палестиналық ХАМАС тобының келісімге мүмкіндігінше тезірек жету ниетінің маңыздылығын көрсетеді.

ХАМАС Газа секторындағы атысты тез арада тоқтату келісіміне қол жеткізгісі келеді
Фото: Х / Laiba_Humanity

Бұл мәлімдемені ХАМАС-тың жоғары лауазымды шенеунігі Бассем Наим жұма күнгі баспасөз мәслихатында жасады. Ол жаңа келіссөздер тұрақты атысты тоқтату және Израиль әскерлерін шығару туралы келісімге келуге арналатынын айтты.

Дохадағы келіссөздер Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі «Моссад» тыңшылық агенттігі, «Шин-Бет» ішкі қауіпсіздік қызметі және әскерилер делегациясына Катарда келіссөздерді жалғастыруға рұқсат бергенін мәлімдегенінен бір күн өтіп қайта басталды.

– Байден әкімшілігі ХАМАС-ты атысты тоқтату келісіміне қол қоюға шақырды, бұл кепілге алынғандарды босатуды қамтамасыз ететін жаңа келісім, - деп хабарлады Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік өкілі Джон Кирби.

Америка Құрама Штаттары, Мысыр және Катардың Газа секторында атысты тоқтатуға қол жеткізудегі делдалдық әрекеттері әзірге сәтсіз болуда. Нетаньяху бұдан бұрын Газа секторындағы операцияны ХАМАС толығымен жойылғанша жалғастыру ниетін мәлімдеген.

Трампқа сыйлық

National news басылымы ХАМАС-тың жоғары лауазымды шенеунігінің сөзіне сілтеме жасап, «бұл жолғы келіссөздерде оптимизм бұрынғыдан басымырақ» деп жазды.

– Біз тұтқындардың аты-жөні мен нақты шығарылатын аймақтарды қоса, барлық жағдайды егжей-тегжейлі қарастырамыз, - деді Палестина тобының өкілі.

Дегенмен, ол «қазір жылдам келісімге келуді» күтпейтінін айтты.

– Израильдіктер келісімді [АҚШ президенті Джо] Байденге емес, инаугурациядан екі күн бұрын немесе инаугурациядан екі күн өткен соң [АҚШ-тың сайланған президенті Дональд] Трампқа сыйлық ретінде ұсынғысы келеді деген пікір бар, - деп қосты ол.

АҚШ-тағы президенттік сайлауда жеңіске жеткен Дональд Трамптың инаугурациясы 20 қаңтарға белгіленген.

Айта кетейік, Израильдің Газа секторына жасаған соққысынан ХАМАС полициясының басшысы қаза тапты.

Сондай-ақ Израиль ХАМАС жетекшісі Исмаил Ханияны өлтіруге қатысы бар екенін мойындады.

Соңғы жаңалықтар