ХАМАС қолындағы тұтқындардың 20-сы ғана тірі болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Газа секторында ХАМАС ұстап отырған тұтқындардың ішінде тірі қалғандарының саны 20 адамнан аспауы мүмкін. Олардың қаза тапқаны туралы расталған дерек жоқ. Бұл туралы израильдік дереккөздерге сүйене отырып ТАСС мәлім етті.

— 20 адамнан аспайды, олардың өлімі туралы дерек жоқ, — делінген хабарламада.
Израиль тарапының соңғы ақпаратына сәйкес, Газа секторында тұтқында отырғандардың арасында Донбасс тумасы Максим Харкин де бар. Жалпы ХАМАС-тың қолында тірі және қаза тапқан тұтқындарды қосқанда шамамен 50 адам қалған.
24 шілдеде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-тың Газа секторындағы атысты тоқтату жөніндегі ұсынысқа берген жауабына байланысты, 6 шілдеден бері Дохада өтіп жатқан келіссөздерден делегацияны кері қайтару туралы бұйрық берді.
Соңғы бастамалар аясында келісілген 60 күндік атысты тоқтату кезеңінде ХАМАС Израильге 10 тірі тұтқынды және Газада қаза тапқан 18 адамның мәйітін тапсыруы тиіс болатын. Өз кезегінде Израиль сол кезең ішінде ұзақ мерзімге сотталған 150 палестиналықты және 2023 жылғы қазан айында басталған әскери операциядан кейін Газа секторында тұтқындалған 1 100-ден астам адамды түрмеден босатуға міндеттелер еді. Бұдан бөлек, ықтимал келісімге сәйкес, Газа халқына жеткізілетін гуманитарлық көмек көлемі едәуір артатын еді.
Бұған дейін Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер Газадағы жағдайға байланысты министрлер кабинетінің шұғыл отырысын шақырғанын жаздық.
Газа секторында аштықтан көз жұмғандар саны 127 адамға жетті.