ХАМАС шұғыл келіссөз өткізуге дайын екенін мәлімдеді
АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамптың «соңғы ескертуінен» кейін палестиналық ХАМАС Газа секторында соғысты тоқтату және «барлық тұтқындарды» босату үшін дереу келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
7 қыркүйек, жексенбі күні кешке тараған ХАМАС мәлімдемесінде «америкалық тараптан атысты тоқтату келісіміне қол жеткізуге бағытталған кейбір идеялардың» бұрын делдалдар арқылы алынғаны айтылған.
Тиісті мәлімдеме ұйымның Telegram-каналында жарияланды.
- ХАМАС шұғыл келіссөз үстеліне отыруға және соғысты тоқтатуға, Израиль әскерін Газадан шығару және сол жерде дереу жұмыс бастайтын тәуелсіз Палестина үкіметін құру үшін кепілге алынғандардың барлығын босатуды талқылауға дайын, - делінген хабарламада.
Сол күні Ақ үй басшысы Израильдің өзі ұсынған келісім шарттарын қабылдағанын айтты.
— Тұтқындағылардың елге оралғанын бәрі қалайды. Барлығы бұл соғыстың аяқталғанын қалайды! Израильдіктер менің шарттарымды қабылдады. ХАМАС-тың да оларды қабылдайтын уақыты келді. Мен ХАМАС-қа оларды қабылдамаудың салдары туралы ескерттім. Бұл менің соңғы ескертуім, басқалай болмайды! - деп жазды Трамп Truth Social-да.
Соңғы күндері Израиль Газа қаласында құрлық операциясын кеңейтіп, «Гидеон арбалары II» операциясында ХАМАС бекіністерін басып алды. Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) Газа секторының оңтүстігіндегі Хан Юнис қаласында «гуманитарлық аймақ» құрылғанын жариялады, бұл жерде Газа қаласының барлық тұрғындарын дереу қоныс аударуға шақырады.