Харбин қысқы Азия ойындарын қандай спорт кешенінде қабылдайды

АСТАНА. KAZINFORM – Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарының басталуына небәрі бір айға жуық уақыт қалды.

Харбин
Фото: harbin2025.com

Ақ Азияданы екінші мәрте өткізгелі отырған Харбин қаласы бұл күнде барлық дайындық жұмыстарын аяқтады, спорт нысандары жарысты қабылдауға дайын.

IX қысқы Азия ойындары Харбин қаласындағы мұз спорты өтетін 5 арена және Ябули тау шаңғысы курортында қар спорты өтетін 8 жарыс алаңында өтеді.

1. Харбин хоккей аренасы

Харбин
Фото: harbin2025.com

Спорт нысаны 1993 жылы салынған, жалпы ауданы 32 600 шаршы метр және халықаралық стандартқа сай 4 мұз айдыны бар. 5400 орындық нысан қаладағы ең үлкен жабық алаң болып саналады. Мұнда қысқы Азия ойындарының ерлер арасындағы шайбалы хоккей жарысы өтеді.

2. Харбин спорт университетінің мұз айдыны

2007 жылы 31 желтоқсанда пайдалануға берілген нысан 12 060 шаршы метр аумақты алып жатыр. 2200 көрермен қабылдай алады. Ғимараттың жалпы сыртқы биіктігі – 19,6 метр, ені – 60 метр, ұзындығы – 90 метр.

Харбин
Фото: harbin2025.com

Жоғарғы қабаттағы мұз айдыны 1768 шаршы метр, ал төменгі қабаттағы мұз айдыны 1580 шаршы метр. Сондай-ақ, төрт қабаттан тұратын нысанда спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған демалыс бөлмелері, құрал-жабдықтар бөлмелері, пресс орталығы және дене шынықтыру орталығы бар.

3. Харбин керлинг аренасы

Кешен 2017 жылы салынған, жалпы ауданы – 9311 шаршы метр. 

Харбин
Фото: harbin2025.com

Нысан мұз спорты бойынша барлық халқаралық талапқа сай болып, осы уақытқа дейін көптеген халықаралық жарыстарды сәтті өткізген. Кешенде қысқы Азия ойындарының керлинг спортынан жарыстар өтеді.

4. Хэйлунцзян мұз айдыны жаттығу орталығы (конькимен жүгіру спорты кешені)

Хэйлунцзян мұз айдыны жаттығу орталығы 1973 жылы пайдалануға берілген, жалпы ауданы – 91545 шаршы метр. Орталықта конькимен жүгіру спорты кешені, Шорт-трек және мәнерлеп сырғанау спорты кешені бар. 

Харбин
Фото: harbin2025.com

Конькимен жүгіру спорты кешені 1995 жылы салынған. Ғимараттың ауданы – 22268 шаршы метр, ұзындығы – 192 метр, ені – 80 метр, ал биіктігі – 29 метр. Кешенде бір мұз айдыны және екі шорт-трек алаңы бар. Үш қабаттан тұратын кешен шамамен 1594 көрермен қабылдай алады.

Айта кетерлігі, бұл нысан ІІІ қысқы Азия ойындарын қабылдаған.

5. Хэйлунцзян мұз айдыны жаттығу орталығы (Шорт-трек және мәнерлеп сырғанау спорты кешені)

Шорт-трек кешені 1983 жылы салынған. Жалпы ауданы – 9242 шаршы метр, көрермендерге арналған орын саны – 2767. Кешенде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, керлинг және басқа да спорт түрлері бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізуге болады. 

Харбин
Фото: harbin2025.com

Мәнерлеп сырғанау кешені 2008 жылы пайдалануға берілген, жалпы ауданы – 12093 шаршы метр. Халықаралық стандартқа сай жарыс алаңы және жаттығу мұз айдыны бар.

6. Ябули тау шаңғысы курорты

Хэйлунцзян провинциясы Ябули тау шаңғы курорты ІІІ қысқы Азия ойындарын қабылдаған. Қазіргі уақытта шаңғы трассасы 118 га аумақты алып жатыр. Курорт тау шаңғысы, шаңғымен сырғанау, фристайл, сноуборд, трамплиннен секіру және биатлон сияқты халықаралық деңгейдегі қар спорты жарыстарын өткізе алады.

Сондай-ақ, шаңғы трассасының жалпы ұзындығы – 31 шақырым, ал ең ұзын трасса 5 шақырымға жетеді. 

Харбин
Фото: harbin2025.com

Айта кетерлігі, IX қысқы Азия ойындары ұйымдастыру комитетінің айтуынша, жарыс өтетін барлық арена мен алаң, қолданыстағы нысандар жаңартылып, энергияны үнемдейтін және экологиялық таза материалдар мен жасыл және төмен көміртекті технологиялар пайдаланылды.

Еске салсақ, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 12 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады. 

ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстаннан 139 спортшы ел намысын қорғайды. 

Соңғы жаңалықтар