Харбин-2025: Қазақстан үшін олжасы аз Ақ Азиада
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қытайдың Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындары мәресіне жетті. Өкінішке қарай, Қытайдың қиыр шығысында алауы тұтанған сарықұрлық додасы қазақ спортшыларының қысқы Азия ойындарындағы ең сәтсіз жарыстарының бірі ретінде есте қалды. Неге?

Бұлай дейтініміз, осыған дейін Қазақстан Ұлттық құрамасы қысқы Азия ойындарында 6 алтыннан кем алып көрмеген болатын. Міне, биыл тұңғыш рет ең төменгі көрсеткіш көрсеттік, қоржынымызға 4 алтын ғана түсті.
Қысқы Азия ойындары алғаш рет 1986 жылы Жапонияның Саппоро қаласында ұйымдастырылғаны баршамызға белгілі. Алайда, ол кезде Қазақстан КСРО-ның құрамында болғандықтан, бұл додаларға тәуелсіз ел ретінде қатыса алмаған еді.
Қазақстан құрамасы қысқы Азия ойындарына тәуелсіз ел ретінде 1996 жылдан бастап қатыса бастады. Сол жылдардан бері қарай, отандастарымыз Харбинді қоса есептегенде жетінші қысқы Азия ойындарына қатысып отыр. Енді, сол ойындардың әрқайсысында Қазақстан құрамасы қандай көрсеткіштерге қол жеткізгеніне жеке-жеке тоқталып өтейік.
Харбин – 1996 жыл: (Қытай)
Қазақстан құрамасы қысқы Азия ойындарына алғаш рет 1996 жылы қатысты. Бұл дода да тура Қытайдың Харбин қаласында өткен болатын.

Онда отандастарымыз 14 алтын, 9 күміс, 8 қола, жалпы 34 жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте жарыс қожайындары Қытайдан 1 ғана алтынға қалып, екінші орынға ие болған еді. Осылайша, алғашқы ойындарында-ақ өздерінің сарықұрлық додасында кіл мықтылар қатарынан көріне білді.
Канвондо – 1999 жыл: (Оңтүстік Корея)
Ел спортшылары екінші қысқы Азия ойындарын 1999 жылы Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткізді. Бұл ойындар да қазақ спортшылары үшін сәтті болды деп айтуға болады.

Себебі – отандастарымыз 10 алтын, 8 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте үшінші орынға қол жеткізді. Бұл бәсекеде Қытай құрамасы 15 алтын, 10 күміс, 11 қола медальмен көш бастаса, екінші орынға Қазақстан құрамасынан бір ғана алтын артық алған жарыс қожайындары ие болды. Олар – 11 алтын, 10 күміс, 14 қола медаль жеңіп алды.
Аомори – 2003 жыл: (Жапония)
Қазақстан құрамасы үшінші қысқы Азия ойындарын 2003 жылы Жапонияның Аомори қаласында өткізді. Аталған жарыста отандастарымыз жалпыкомандалық есепте тағы бір сатыға төмендеп, төртінші орынға жайғасты.

Аомори қаласында өткен сарықұрлық сайысында жерлестерімізге 7 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль бұйырды. Нәтижесінде төртінші орынға ие болды. Бұл жолы бас жүлдені 27 алтын, 26 күміс, 23 қола медальға қол жеткізген жапониялықтар жеңіп алды. Ал екінші орынға 10 алтын, 8 күміс, 10 қола жеңіп алған Оңтүстік Корея спортшылары ие болды. Үздік үштікті 9 алтын, 11 күміс, 13 қола медальмен Қытай құрамасы түйіндеді.
Чанчун – 2007 жыл: (Қытай)
Отандастарымыз төртінші қысқы Азия ойындарын 2007 жылы Қытайдың Чанчун қаласында өткізді. Дәл осы қысқы Азия ойындарында жерлестеріміз өздері қатысқан Азия ойындары тарихындағы ең төменгі көрсеткішке қол жеткізген болатын.

Нақтырақ айтсақ, 2007 жылғы Ақ Азиада ойындарында спортшыларымыз 6 алтын, 6 күміс, 6 қола медальмен жалпы командалық есепте тағы да төртінші орынға табан тіреді. Үшінші орын алған кореялықтар Қазақстан құрамасынан 3 алтынға артық иеленді. Олар 9 алтын, 13 күміс, 11 қолаға қол жеткізсе, бірінші орынды жарыс қожайындары иеленді. Олар 19 алтын, 19 күміс, 23 қола медальға қол жеткізді. Ал екінші орынды 13 алтын, 9 күміс, 14 қола медальмен Жапония құрамасы қанжығасына байлады.
Алматы-Астана – 2011 жыл (Қазақстан)
Отандастарымыз үшін бесінші қысқы Азия ойындары тарихи жетістіктерге толы болды. Ару қаламыз Алматы мен елордамыз Астана қаласында өткен VII қысқы Азия ойындарында ел спортшылары бірден 70 медальға қол жеткізді. Оның 32-сі алтын, 21-і күміс, ал 17-сі қола медаль. Осылайша, қазақстандықтар өз елімізде өткен додада жалпыкомандалық есепте көш бастап, ел мерейін асырды.

VII Қысқы Азия ойындарында екінші орынға 13 алтын, 24 күміс, 17 қола медальмен Жапония құрамасы жайғасса, үздік үштікті Оңтүстік Корея спортшылары түйіндеді. Олар 13 алтын, 12 күміс, 13 қола медаль жеңіп алды. Ал Қытай құрамасы 11 алтын, 10 күміс, 14 қола медальмен төртінші орынға жайғасты.
Осы орайда айта кетейік, Азиада ойындарын 2011 жылы Қазақстан алғаш рет өткізді. Жарыстар Астана мен Алматы қалаларында өткізілді.
Саппоро – 2017 жыл: (Жапония)
Ел спортшылары алтыншы Ақ Азиаданы 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткізді. Күншығыс елінде өткен сайыс та қазақ спортшылары үшін сәтті болды деп айтуға болады.
Олай дейтініміз – Саппоро төрінен ел спортшылары 32 медаль жеңіп алды. Оның 9-ы алтын, 11-і күміс, 12-сі қола. Осылайша жалпыкомандалық есепте төртінші орынды қанжығалап қайтты.

Жапонияда өткен кезекті ойындарда жалпы есепте жарыс қожайындары бас жүлдені еншіледі. Олар 27 алтын, 21 күміс, 26 қола медальға қол жеткізсе, Оңтүстік Корея спортшылары 16 алтын, 18 күміс, 16 қоламен екінші орынға жайғасты. Ал қытайлық спортшылар 12 алтын, 14 күміс, 9 қола медальмен үздік үштікті түйіндеген болатын.
Харбин – 2025 жыл: (Қытай)
Міне, бүгін ғана алауы сонген Харбин Қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар 4 алтын , 9 күміс, 7 қола медальмен тағы да жалпы есеп бойынша төртінші орынға тұрақтады.
Осылайша Қытайдың Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындары Қазақстанның өз тарихындағы ең сәтсіз аяқталған ойын ретінде есте қалды. Өйткені бұрынғы ең төмен көрсеткішіміз 2007 жылы тіркелген болатын. Ол кезде тағы да Қытайдың Чанчун қаласында өткен Азия ойындарында 6 алтын медальға қол жеткізгенбіз. Міне, бүгін тағы да Қытайдың тағы бір қаласы Харбинда өткен соңғы Азия ойындарында алғаш рет 4 алтын медальмен шектеліп отырмыз.

Бұл жолы қытайлық спортшылар өз елінде өткен ойындардың көшін бастады. Жарыс қожайындары 32 алтын, 27 күміс, 26 қола медаль жеңіп алды. Ал 16 алтын, 15 күміс, 14 қола иеленген Оңтүстік Корея спортшылары екінші орынға жайғасса, үздік үштікті Жапония спортшылары қорытындылады. Олардың еншісінде 10 алтын, 12 күміс, 15 қола медаль бар.
Харбин қаласында өткен IX Қысқы Азия ойындарында үздік нәтиже көрсеткен 5 ел:
1. Қытай — 85 (32-27-26);
2. Оңтүстік Корея — 45 (16-15-14);
3. Жапония — 37 (10-12-15);
4. Қазақстан — 20 (4-9-7);
5. Филиппины — 1 (1-0-0);
5. Өзбекстан — 1 (1-0-0)
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан құрамасы шорт-тректен қысқы Азия ойындарының чемпионы атанды.
Кейінірек Қазақстан қоржынына екінші алтын медаль түсті.
Биатлоннан Қазақстан ерлер құрамасы алтын және күміс медаль еншіледі.
Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы чемпион атанды.