«HAS» қаржы пирамидасының беті ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Өздерін сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компания ретінде таныстырып, азаматтарды түрлі инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттеген «HAS» қаржы пирамидасының сыры ашылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті.

Қаржы пирамидасы құрығына түсірген адамдарға ай сайын 70%-ға дейін пассивті табыс түсіп отырады деп уәде берген.
— Әлеуметтік желілерде Астана және Қосшы қалаларында тұрғын үйлердің құрылысы бойынша жалған акциялар белсенді түрде насихатталған. Құрылыс жүріп жатқандай көрініс жасау үшін арнайы техника жалданып, декорациялар пайдаланылған, — делінген хабарламада.
Аталған істі ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті тергеп-тексерді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Harmony Rider Technology қаржы пирамидасы ақтөбеліктерден 197 млн теңге жымқырғанын жазған едік.