Хасан Қасымбаев ісі: екінші жәбірленуші кім
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев және өзге де күдіктілерге байланысты сот отырысы жалғасып жатыр.
Бүгін, 22 тамызда мемлекеттік айыптау актісін оқыды. Оған сәйкес, бұл сот отырысында екі жәбірленуші бар. Олардың бірі — Арман Әлімов.
Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, сотталушылар Қасымбаевқа, Қалымжановқа, Ахтановқа, Әлиевке, Асқаровқа және Сұлтанбековке келесі айыптар тағылған:
— 05.04.2020 жылы сағат 09:00 шамасында Алматы облысы Талғар ауданы тұрғындары Қартайғанов, Кенжеғали, Естеров, Шакупов, Үсенбаев, Орынтаев және тергеумен анықталмаған азаматтар алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рақат ауылдық округіне қарасты Талғар саяжайы № 134 үйінің артында екінші жақтан келген Қалымжанов пен оның таныстарына атыс қаруын қолданып, бұзақылық жасап, салдарынан Қалымжанов жарақат алған. 2020 жылы Еңбекшіқазақ аудандық соты Қартайғанов пен оның жоғарыда аталған сыбайластары ҚК 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оларға қатысты үкім шыққан. Осы оқиғадан кейін біршама уақыт өткен соң Қасымбаев өзінің танысы Қалымжановты атып кеткен тұлғаларды Талғар тұрғыны Әлімов айдап салғанын және сонымен қоса «Хасан маған авторитет емес деп айтып жүр» деген ақпаратты бейтаныс адамдардан естіп, бұл сөзі үшін жауап беруі керек» деген оймен қылмыс жасауды ойластырған. Атап айтқанда, Қасымбаев адам ұрлау және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру мақсатымен өзінің таныстары Қалымжановты, Ахтановты, Әлиевті, Асқаровты және Сұлтанбековты тартуды ойлап, олармен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобын құру ойымен және оларға Әлімовті Талғар қаласының ішінде жүрген жерінен ұстап алып, автокөлікке салып, ұрлап кетіп, Талғар қаласының шетіне шығарып, ұрып-соғуды және олардың орындалуына басшылық етуді ойластырған, — деді прокурор.
Қасымбаев қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін өзінің таныстары Қалымжановқа, Ахтановқа, Әлиевке, Асқаровқа және Сұлтанбековке бұл қылмысты жасауды тапсырып, оның орындалуына тікелей басшылық ете бастаған.
17.06.2021 жылы сағат 18:30 шамасында Қалымжанов, Ахтанов, Әлиев, Асқаров және Сұлтанбеков Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласы Рысқұлов көшесі, № 208 мекенжайында орналасқан «Виктория» дүкені маңында жәбірленуші Әлімовті кездестірген. Сотталушылар бұл уақытта медициналық бетперде таққан. Әрі қарай олар жәбірленушіні ұрып-соққан. Салдарынан Әлімов жерге отырып қалған. Сол сәтте Әлиев келіп, Әлімовтің мойын тұсының артқы жағынан қолмен қылқындырып, ұстап алған. Сол кезде Қалымжанов, Ахтанов және Асқаров үшеуі жәбірленушіні ұрып-соққан, салдарынан Әлімов есінен танып қалған. Осыдан кейін сотталушылардың бірі Әлиев жәбірленушінің есінен танып қалғанына қарамастан, оның мойын тұсының артқы жағынан ұстаған күйде көтеріп алып, автокөлікке салып алып кеткен.
Жәбірленуші көлікте есін жиған соң да ұрып-соғу жалғасқан.
Мұнан соң бәрі Алматы облысы Талғар ауданы Кеңдала ауылы шетінде орналасқан ашық егістік алқабына алып келіп, Әлімовті сыртқа алып шығып, тағы ұрып-соққан.
Осыдан кейін Ахтанов телефон арқылы ұйымдастырушы Қасымбаевқа есеп беріп, әрі қарайғы нұсқауды сұраған. Ал Қасымбаев жәбірленуші Әлімовті қалай ұрып-соғып жатқанын видеоға түсіріп алуды тапсырып, оқиға орнына өзі жететінін айтқан. Бұдан соң Қасымбаев қылмыс орнына келіп, бәріне көз жеткізген соң бой тасалаған.
Еске салайық, Хасан Қасымбаев былтыр қараша қамауға алынды.
Бас прокуратура Талғарда адам ұрлап, ұрып-соғуға қатысты істі қайта қарады.
Хасан Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша айып тағылып отыр.
Сот басталғаннан кейін айыпталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді.
Судья Айнагүл Тұқыбаева бұл өтінішті қанағаттандырып, мемлекеттік айыптаушы залдан шықты.
Хасан Қасымбаевпен бірге кімдерге айып тағылғаны белгілі болды.
Бүгін, 22 тамызда прокурор айыптау актісін оқып берді.
Хасан Қасымбаевтың өзі тағылған айыптарды мойындамады.