Хасан Қасымбаевтың адвокаттары сот үкіміне шағым түсірмек
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Хасан Қасымбаевтың адвокаттары сот үкімімен келіспей отыр, олар апелляциялық шағым түсірмек.
Қорғаушылар Нариман Кервенов пен Гүлмира Бабажанованың айтуынша, Қасымбаевтың кінәсі дәлелденбеген, алайда сот айыптау үкімін шығарған.
— Жәбірленушілердің бірі Хасанға ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, оны кешіргенін айтты. Алайда сот мұны ескермеді. Арман Әлімов ісі бойынша бұған дейін үш сот өткен. Бұл — төртінші процесс. Қалған бес айыпталушы өз жазасын өтеп жатыр, ал бұл жолы іс қайта қаралып, оған Хасанды қосты. Тәжиев ісі 2016 жылы, Әлімов ісі 2021 жылы болған. Қасымбаев шынымен кінәлі болса, тергеу сол кезде басталуы керек еді ғой, — деді адвокат Гүлмира Бабажанова.
Оның сөзінше, тергеу кезінде көптеген заңбұзушылық болған, ал сот процесінде «бейтараптық сақталмады».
— Бес күннен кейін үкімнің толық мәтінін аламыз. Уақытымыз бар, міндетті түрде апелляциялық шағым түсіреміз, — деді ол.
Адвокат Нариман Кервеновтің айтуына қарағанда, жәбірленуші Әріпжан Тәжиевке қатысты эпизод бұрын қаралып, іс тоқтатылған, алайда кейін архивтен қайта алынған.
— 2016 жылы Тәжиев ісі бойынша іс басқа адамдарға қатысты болғандықтан тоқтатылған. Былтыр оны архивтен шығарып, қайта қозғады. Сол кезде қылмыстық істен 16 бет материал жоғалып кеткен, оның ішінде Тәжиевтің татуласу туралы арызы мен бапты қайта саралау жөніндегі өтініші де бар еді. Бұл құжаттар қазір жоқ, — деді ол.
Кервенов қорғау тарабы 15 күн ішінде апелляциялық шағым түсіретінін және қажет болса, кассациялық сатыға дейін баратынын айтты.
— Қандай негізбен кінәлі деп танылғаны әзірше белгісіз. Судья үкімнің тек шешуші бөлігін оқыды. Толық мәтінді алған соң, сот неге мұндай қорытынды шығарғанын талдаймыз, — деді адвокат.
Еске салайық, бүгін, 11 қарашада Талғар аудандық соты Хасан Қасымбаевты адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып ақша бопсалау ісі бойынша кінәлі деп таныды.
Сот оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар іс бойынша тағы бес адамға үкім шықты.